Кішкентай датчик көпбалалы отбасыны үлкен қайғыдан қорғап қалды
СҚО-ның Есіл ауданындағы Явленка ауылында көпбалалы отбасы үйімен бірге өртеніп кете жаздады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
ТЖМ мәліметінше, өрт хабарлағышы болмағанда, оқиға қайғылы жағдаймен аяқталуы мүмкін еді. Көпбалалы ана үйінде демалып жатқанында, тыныштықты өткір дыбыс бұзған.
Жуынатын бөлмеге кірген әйел қорқынышты көрініске тап болады: тоқтың тұйықталуы салдарынан су жылытқыштың қыздырғыш элементі балқып, бөлмені қолқаны қабатын ащы түтін басқан. От кез келген сәтте тұтанып, бүкіл үйді лезде шарпып кетуі мүмкін еді.
«Осы датчикті орнатып берген құтқарушыларға алғысым шексіз. Ол біздің шаңырағымызды, ең бастысы, балаларымды аман алып қалды», – дейді көпбалалы ана ризашылығын білдіріп.
Құрылғының уақытылы іске қосылуының арқасында өрттің алды алынды.