Сталкинг пен мәжбүрлі некеге қарсы күрес: елде профилактикалық іс-шаралар басталды

Автор: Мөлдір Қазыбай

Ақпараттық іс-шара 10 наурызға дейін жалғасып, құқықтық сауаттылықты арттыруға және қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталды

Фото: stan.kz

Қазақстанда әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған республикалық ақпараттық науқан басталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

10 наурызға дейін жалғасатын науқанның негізгі мақсаты – әйелдер мен қыз балалар үшін қауіпсіз орта қалыптастыру, зорлық-зомбылықтың кез келген түрі міндетті түрде жауапкершілікке әкелетінін қоғамға кеңінен түсіндіру. Осы кезеңде білім беру ұйымдарында және еңбек ұжымдарында түсіндіру кездесулері ұйымдастырылады.

Іс-шаралар аясында заңгерлер, полиция қызметкерлері мен психологтардың қатысуымен дәрістер өткізіліп, жастарға жеке шекара мен қауіпсіз мінез-құлық дағдылары бойынша тренингтер жүргізіледі. Сондай-ақ ата-аналарға балаларды қысым мен манипуляциядан қорғау жолдары түсіндіріледі.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, теледидар мен интернет кеңістігінде әлеуметтік роликтер, подкастар және сарапшылардың қатысуымен арнайы сұхбаттар жарияланады. Ақпараттық жұмысты қолдау үшін блогерлер мен қоғамдық пікір көшбасшылары да тартылған.

Науқан аясында «QURMET» челленджі іске қосылады. Қатысушылар әлеуметтік желілерде фото, бейне және қысқа мәтіндер жариялап, құрмет пен жеке шекара құндылықтарын насихаттай алады.

Егер азаматтар зорлық-зомбылыққа, қудалауға немесе некеге мәжбүрлеуге тап болса, 102 нөмірі арқылы полицияға, 111 Ұлттық сенім телефонына, сондай-ақ өңірлердегі Отбасын қолдау және дағдарыс орталықтарына жүгіну мүмкіндігі бар.

Айта кетейік, 2025 жылғы қыркүйектен бастап Қазақстанда некеге мәжбүрлеу қылмыстық құқықбұзушылық ретінде заңнамамен бекітілген.