Волонтерлік қызмет конституциялық деңгейде бекітілмек

Автор: Аягөз Құрмаш

Жаңа Конституция жобасына ол ресми түрде енгізілді

Фото: видеодан скриншот

Конституциялық сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов Конституциялық комиссия отырысында волонтерлікті Конституцияға енгізу жайлы ұсыныстар келіп түскенін айтты, деп жазады Azattyq Rýhy.

«Өткен отырыста әріптестеріміз бірқатар нақты ұсыныс енгізген болатын. Сонымен қатар азаматтар мен ұйымдардан, ғалымдар мен заңгерлер қауымдастығынан маңызды мәселелерге қатысты көптеген жолданым келіп түсті. Осыған байланысты Конституция жобасына бірқатар жаңа норма қосымша қарастырылды. Қазақстанда волонтерлік қозғалыс белсенді түрде дамып келеді. Бұл туралы өткен отырыста әріптесіміз Вера Ким ханым жан-жақты атап өткен болатын. Комиссия мүшелері мен волонтерлік ұйымдар өкілдері елдің шынайы патриоттары саналатын, жасампаз әрі өзекті мәселелерге бейжай қарамайтын жастардың қоғам игілігі үшін еңбек етіп жатқанын ерекше атап өтті», - деді Бақыт Нұрмұханов.

Оның айтуынша, биыл бүкіл әлемде Халықаралық волонтерлер жылы ретінде аталып өтіп жатыр.

«Өздеріңізге белгілі, бұл бастаманы мемлекет басшысы Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 75-сессиясында жариялаған болатын. Комиссия қарауына волонтерлік қызметті конституциялық деңгейде бекіту туралы ұсыныстар түсті. Волонтерлік қызмет туралы заңды және азаматтардың ақысыз, ерікті көмегінің мұқтаж адамдарға қажеттігін, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғаудағы маңызын ескере отырып, бұл ұсыныс қолдау тапты. Осыған орай жобаға 31-баптың екінші тармағына:«Қазақстан Республикасында ерікті әлеуметтік сақтандыру, өзге де әлеуметтік қамсыздандыру түрлері, волонтерлік қызмет пен қайырымдылық қолдау табады» деген толықтыру енгізілді», - деді ол.

Нұрмұханов атағандай, бастамашылардың пікірінше, бұл идея жоба­ның өзге де ережелерін, әсіресе преамбуланы және Қазақстан Республикасы қызметінің негізін құрайтын қағидаттарды қисынды түрде толықтырады.

«Олардың қатарында жауапты әрі жасампаз отаншылдықты ілгерілету, қоғамдық диалогты дамыту, еңбексүйгіштік құндылықтарын бекіту, жоғары экологиялық мәдениетті қалыптастыру және басқа да бағыттар бар. Сонымен қатар кейбір өзгерістер Құрылтайдың қызметін ұйымдастыру мәселелеріне қатысты. Аталған түзетулерді комиссия мүшесі Ольга Перепечина ханым жан-жақты негіздеп берді. Атап айтқанда, жобаның елу тоғызыншы бабының үшінші тармағын алып тастау ұсынылады. Бұл тармақта комитеттер мен комиссияларды құру тәртібі, олардың өкілеттігі мен қызметін ұйымдастыру заңмен айқындалатыны көрсетілген еді», - деді ол.

Нұрмұханов атағандай, қазіргі уақытта жоғары өкілді органның комитеттері мен комиссияларының қызметіне қатысты мәселелер Парламент және оның депутаттарының мәртебесі туралы конституциялық заңымен, Парламентінің комитеттері мен комиссиялары туралы заңымен, сондай-ақ Парламент пен оның палаталарының регламенттерімен реттеледі.

«Ұсынылып отырған түзету аталған мәселелерді құқықтық реттеу деңгейін арттырып, оларды конституциялық заң аясында қамтуға мүмкіндік береді. Конституция жобасының мемлекеттік және орыс тілдеріндегі мәтіндерін жетілдіру жұмысы үздіксіз жүргізілуде. Жұмыс топтары құқықтық нормалардың тұжырымдарын оңтайландыру және олардың мазмұнын баршаға түсінікті ету мақсатында қажетті шаралар қабылдап жатыр. Терминологиялық және семантикалық бірізділікті қамтамасыз етуге ерекше назар аударылды. Осылайша Үкімет, Парламент, президент ікімшілігі бөлімдерінің мамандары, Конституциялық комиссияның редакциялық-терминологиялық жұмыс тобы, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы, сондай-ақ жаңа Ата заң мәтіні жобасына жұмылдырылған лингвист мамандар тарапынан берілген ұсыныстар жан-жақты өңделіп, ескеріліп отыр», - деді ол.