Олар көптеген жарақатпен ауруханаға жеткізілді
Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева болған Жамбыл облысында болған оқиғаға қатысты пікір білдірді. Тараз қаласында анасы бесінші қабаттың терезесінен кәмелетке толмаған екі баласын лақтырып жіберген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Тараз қаласында анасының кәмелетке толмаған балаларын 5-қабаттың терезесінен лақтырып жіберу фактісі бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Балалар Жамбыл облыстық көпбейінді балалар ауруханасына жеткізілді», – деп жазды Динара Зәкиева Instagram парақшасында.
Оның айтуынша, өңірлік бала құқықтары жөніндегі уәкіл ауруханаға барып, балалардың жағдайымен танысқан.
«Ұл баланың жағдайы қанағаттанарлық, ал қыз баланың жағдайы ауырлау, сүйек сынықтары бар. Анасының бұрын ауыр депрессиялық күйі анықталған, алайда емдеу курсы толық аяқталмаған», – деді балалар омбудсмені.
Еске салайық, Тараз қаласындағы жатақханалардың бірінде отбасымен бірге тұрған 36 жастағы әйел бесінші қабаттың терезесінен алдымен 2021 жылы туған қызын, кейін 2023 жылы туған ұлын лақтырып жіберген. Балалар тірі қалып, көптеген жарақатпен ауруханаға жатқызылды.