Полиция жергілікті кәсіпкерден ірі көлемде ақша бопсалау фактісінің жолын кесті
Шымкентте кәсіпкерлердің бірін қорқытып, 20 млн теңге талап еткен күдікті қолға түсті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Тергеу барысында күдіктінің қоғамдық тамақтану орнына бірнеше рет келіп, нысанды бейнежазбаға түсіріп, кейін иесіне қысым көрсеткені белгілі болды. Күдікті түрлі уәкілетті органдар тарапынан «тексеру ұйымдастырып», бизнесін жаптырамын деп қорқытқан.
Осылайша күдікті кәсіпкерден 20 миллион теңге талап еткен.
Жедел іс-шаралар барысында күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Бопсалау жайты бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.
«Полиция ескертеді: ешбір тұлға тексеру жүргіземін деп немесе ақпарат таратамын деп қорқытып, ақша талап етуге құқылы емес. Мұндай жағдайға тап болсаңыз, дереу полицияға жүгіну қажет», – делінген хабарламада.