Қазақстанның бірқатар қаласында тұрғындарға ескерту жасалды

Автор: Асыл Арман

«Қазгидромет» РМК ескертуі жарияланды

Фото: istockphoto.com

Синоптиктердің мәліметінше, бүгін, 9 ақпанда еліміздің үш қаласында атмосферада зиянды заттар жоғары деңгейде шоғырлануы мүмкін, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бұл зиянды қоспалардың ауа қабатының төменгі бөлігінде жиналып, таралмауына әсер ететін ауа райы факторларының үйлесуіне байланысты.

«2026 жылғы 9 ақпанда ауаның ластануына қолайсыз метеорологиялық жағдайлар Алматы қаласында, түнгі уақытта Астана мен Атырау қалаларында күтіледі», – деп мәлімдеді «Қазгидромет» РМК.

Қолайсыз метеорологиялық жағдайлар (ҚМЖ) – бұл ауаның ластайтын заттарының таралуына кедергі келтіріп, олардың шоғырлануына ықпал ететін мынадай ауа райы құбылыстары:

  • желсіздік,
  • әлсіз жел,
  • тұман,
  • температуралық инверсия.

Мұндай жағдайлар ауа сапасының уақытша нашарлауына алып келеді, әсіресе құрылысы тығыз салынған немесе өнеркәсіптік аймақтарда.