Жалған аккаунтпен жазылған пікір үшін де заң алдында жауап бар: полиция ескерту жасады

Автор: Мөлдір Қазыбай

Абай облысының тәртіп сақшылары интернеттегі құқық бұзушылықтар бойынша бақылау күшейтілгенін хабарлады

Фото: gov.kz

Абай облысының полиция қызметкерлері әлеуметтік желілерде жалған аккаунт арқылы жазылған кез келген пікір мен жарияланым заң алдында жауапкершілікке әкелуі мүмкін екенін ескертті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, интернет кеңістігі бүгінгі таңда азаматтардың күнделікті қарым-қатынас және ақпарат алмасу алаңына айналғанымен, онда құқық бұзушылықтар да жиі тіркеледі. Қаржылық алаяқтық, кибербуллинг, жеке тұлғаны қаралау және қоғамда жанжал тудыратын арандатушылық сипаттағы жазбалар құқық қорғау органдарының бақылауындағы негізгі бағыттардың бірі.

Тәртіп сақшылары әлеуметтік желі қолданушылары арасында «жалған аккаунт пайдаланылса немесе шетелдік сервис арқылы жазылса, авторды анықтау мүмкін емес» деген түсінік қате екенін атап өтті. Әрбір пікір, хабарлама немесе жарияланым цифрлық із қалдырады. Тергеу барысында полицияның мамандандырылған бөлімшелері ресми сұрау жолдап, аккаунт тіркелген деректерді, оның ішінде телефон нөмірлері мен басқа да цифрлық сәйкестендіргіштерді анықтай алады.

Полиция өкілдері желідегі анонимділік шартты ұғым екенін еске салып, жалған ақпарат тарату, қорқыту, жала жабу және қоғамдық тәртіпке нұқсан келтіретін өзге де әрекеттер Қазақстанның қолданыстағы заңнамасына сәйкес әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін жеткізді.