Аман Бақытжан Париж Grand Slam турнирінде қола жүлде жеңіп алды

Автор: Мөлдір Қазыбай

Қазақстандық дзюдошы жаңа маусымдағы алғашқы әлемдік рейтингтік бәсекеде үздік үштіктен көрінді

Фото:IJF

Қазақстан құрамасының өкілі Аман Бақытжан Франция астанасы Парижде өтіп жатқан Grand Slam Paris турнирінде 60 келі салмақ дәрежесінде қола медаль иеленді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Отандасымыз жұбаныш финалында кубалық Джонатан Чаронды юко ұпайымен жеңіп, жүлделі орынға көтерілді. Турнир барысында Аман Бақытжан 5 белдесудің 4-інде басым түсіп, өз тобынан бірінші орынмен шығып, жартылай финалға дейін жетті. Алайда жартылай финалда украиналық Дильшот Халматовқа есе жіберді. Іріктеу кезеңінде қазақстандық спортшы француз Закари Дижолд, бразилиялық Мишель Аугусто және словениялық Дэвид Старкельді тізе бүктірді.

Бүгінгі жарыс күнінде ел құрамасынан 60 келіде Шерзод Давлатов, 66 келіде Ғұсман Қырғызбаев пен Бауыржан Нарбаев, 73 келіде Есет Қуанов пен Дастан Шаяхметов жарысты ерте аяқтады.

Париждегі бұл бәсеке жаңа спорт маусымындағы алғашқы әлемдік рейтингтік турнир. Оған 78 елден 488 дзюдошы қатысып жатыр. Ал 8.02 ел құрамасынан 81 келіде Абылайхан Жұбаназар мен Әділет Алмат, 90 келіде Айдар Арапов, 100 келіде Марат Байкамуров пен Нұрлыхан Шархан, 100 келіден жоғары салмақта Ғалымжан Қырықбай татамиге шығады.

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, әлемдік додаға жалпы 82 елден 529 дзюдошының қатысуы жоспарланған.