Криптобиржа қателесіп адамдарға $44 млрд-тық биткоинді аударып жіберген

Автор: Мөлдір Қазыбай

Жарнамалық акция кезіндегі техникалық ақау нарықта қысқа мерзімді құлдырауға әкелді

Фото: pixabay.com

Оңтүстік Кореядағы Bithumb криптобиржасы жарнамалық акция барысында техникалық қателікке жол беріп, клиенттердің шоттарына орасан көлемде биткоин аударып жіберген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Сеулде орналасқан компанияның мәліметінше, оқиға қауіпсіздік жүйесінің бұзылуына немесе хакерлік шабуылға қатысы жоқ. Акция аясында 695 клиенттің әрқайсысына 2 000 вон (шамамен $1,37) көлемінде бонус беру жоспарланған. Алайда жүйелік ақау салдарынан олардың есепшоттарына кемінде 2 000 биткоиннен түскен.

Қате аударымдардан кейін бірқатар алушылар криптовалютаны дереу сатуға кіріскен. Соның салдарынан нарықта қысқа мерзімді реакция туып, Bitcoin бағамы уақытша 17%-ға төмендеген.

Компания жағдайға байланысты кешірім сұрап, қате таралған 620 000 биткоиннің 99,7%-ы кері қайтарылғанын хабарлады. Қалған бөлігі бойынша қайтару жұмыстары жалғасып жатыр.

Bithumb – Оңтүстік Кореядағы ірі криптобиржалардың бірі. Сауда көлемі бойынша ол елдегі Upbit платформасынан кейінгі орында тұр.