Оқиға түнгі уақытта болған
Қарағанды облысында Төтенше жағдайлар министрлігінің мамандары жолда қалған Өзбекстан Республикасының үш азаматын құтқарды. Оқиға түнгі уақытта облыстық маңызы бар тасжолда орын алған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Құтқарушылардың мәліметінше, «Ақой – С. Сейфуллин – Ақсу – Аюлы – Ақтоғай – Балқаш» автожолының бойында, Жалаңаш ауылына жақын маңда жеңіл автокөліктің жүргізушісі рөлге ие бола алмай қалып, жол жиегіндегі жыраға аударылып кеткен. Көлік ішінде үш адам болған. Олардың барлығы — көршілес Өзбекстан елінің азаматтары. Соққының қатты болғанына қарамастан, жолаушылар мен жүргізуші ауыр жарақат алмаған. Алайда олар өз беттерінше көлікті жолға шығара алмай, мамандардың көмегіне жүгінген.
Оқиға орнына ТЖМ қызметкерлері жедел жетіп, қауіпсіздік шараларын қамтамасыз етті.
Құтқарушылар қыс мезгілінде және түнгі уақытта алыс сапарға шыққанда жол ережесін қатаң сақтап, техниканың күйін тексеру маңызды деп атап өтті.