Астанада Конституциялық комиссия отырысы өтіп жатыр
Конституциялық комиссия отырысында премьер-министрдің орынбасары - Ақпарат және мәдениет министрі Аида Балаева жаңа Конституция жобасында Қазақстан әлеуметтік мемлекет екені нақты көрсетілгенін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Азаматтардың Ата заңның әрбір жолына терең үңіліп, оның мазмұны мен болашақтағы ықпалын жан-жақты пайымдауы қоғамның саяси мәдениетінің кемелденгенін әрі азаматтық жауапкершіліктің артқанын айқын көрсетеді. Бұл үдерісте қолдау да, үміт те бар, сонымен қатар алаңдаушылық пен сын да кездеседі. Мұның барлығы біз үшін маңызды және назардан тыс қалмауға тиіс. Бүгін мен қоғамда ерекше толғаныс тудырып отырған бірқатар өзекті мәселелерге және әлеуметтік саладағы маңызды бағыттарға тоқталғым келеді», – деді Балаева.
Министрдің айтуынша, әлеуметтік желілерде мемлекет кепілдік беретін білім беру мен денсаулық сақтау саласындағы әлеуметтік міндеттемелер қысқартылады деген жаңсақ пікірлер таралып жатыр.
«Алайда жаңа Конституция жобасының преамбуласында және бірінші бабында Қазақстанның әлеуметтік мемлекет екені нақты әрі айқын көрсетілген. Ешбір азамат медициналық көмек алу немесе білім алу құқығынан айырылмайды. Бұл ретте бір мәселені дұрыс түсіну қажет: «тегін» деген ұғым құқықтық тұрғыдан «азаматтар заңда белгіленген тәртіппен ақы төлемей медициналық көмек алуға құқылы» деген нақты тұжырымдамамен алмастырылған. Яғни мемлекет азаматтардың ақысыз негізде медициналық көмек алуына кепілдік береді. Шын мәнінде, бұл қызметтер ешқашан өздігінен тегін болған емес, олар әрдайым мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылып келді. Осыған байланысты айтылып жүрген пайымдардың ешқандай негізі жоқ. Мемлекеттік бюджеттің шамамен қырық пайызы әлеуметтік салаға бағытталатынын баршаңыз жақсы білесіздер. Осы тұрғыда Конституция жобасының отыз екінші және отыз үшінші баптарында азаматтардың ақысыз медициналық көмек алуына және бастауыш пен орта білім алуына кепілдік берілуі адами капиталды дамытудың берік негізі екені сөзсіз», – деді Балаева.
Ол атағандай, аталған баптардың үшінші тармақтарында көзделген ақылы қызметтерді алу құқығы да азаматтардың денсаулығын сақтау мен білім алу мүмкіндіктерін кеңейтетін маңызды норма.
«Осы орайда ұсынылып отырған құқықтық тұжырым орынды деп санаймын. Дегенмен бұл баптарға қатысты кейбір ұғымдарды мазмұндық тұрғыдан нақтылау қажет. Мәселен, отыз үшінші баптың бірінші тармағында қолданылған «бастауыш және орта білім» тіркесін «жалпы орта білім» немесе «орта мектеп білімі» деген ұғыммен алмастыру орынды деп есептеймін, себебі құқықтық тұрғыдан елімізде мектеп қабырғасында алған білім бастауыш деңгейде емес, тек тоғызыншы және он бірінші сыныптарды аяқтағаннан кейін ғана құжатпен расталады. Сондай-ақ отыз үшінші баптың екінші тармағындағы «Қазақстан Республикасының азаматының заңға сәйкес мемлекеттік жоғары оқу орындарында конкурс негізінде жоғары білім алуға құқығы бар» деген қағидадан «мемлекеттік» деген сөзді алып тастау ұсынылады. Себебі бұл норма алдыңғы Конституция жобасынан қалған және жоғары білім беру саласындағы қазіргі заманғы өзгерістерге толық сай келмейді» – деді ол.
Балаева атағандай, бүгінде барлық мемлекеттік жоғары оқу орындары коммерциялық емес акционерлік қоғам мәртебесінде қызмет атқарады.
«Азаматтар мемлекет кепілдік беретін ақысыз жоғары білім алу құқығын тек мемлекеттік емес, жекеменшік жоғары оқу орындарында да пайдалана алады. Сонымен қатар жаңа Конституция жобасында мемлекет басшысының ел дамуының стратегиялық бағдарына негізделген саяси реформаларының нәтижесінде әділетті әрі ашық қоғам қалыптасқаны айқын көрініс тапқан. Конституцияда неке ер адам мен әйел адамның ерікті таңдауы мен тең құқығына негізделген одақ екені нақты бекітілген. Бұл тұжырым қоғамдағы отбасы институтының маңызын айқындайды және оны орынды деп есептеймін. Аталған норма отбасының тұрақтылығын нығайтуға, дәстүрлі құндылықтарды құқықтық деңгейде қорғауға, сондай-ақ әйелдердің құқықтары мен заңды мүдделерін күшейтуге негіз болады», –деді ол.