Жаңа Конституция жобасына 4 мыңнан астам ұсыныс түсті: негізгі өзгерістер мен толықтырулар қандай болады
Жаңа Конституцияға қатысты төрт мың ұсыныс түскен
Конституциялық комиссия отырысында Конституциялық сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов жаңа Конституцияда кімдердің ұсыныстары бойынша қандай баптар өзгертілгенін айтып берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Жаңа Конституция жобасы жарияланған сәттен бастап Конституциялық комиссияның атына әртүрлі арналар арқылы төрт мыңнан астам ұсыныс келіп түсті. Азаматтар, ғылыми қауымдастық өкілдері, құқықтанушылар мен үкіметтік емес ұйымдар елдің негізгі заңына қатысты бастамаларға ерекше белсенділік танытып отыр. Конституциялық комиссияға түскен барлық ұсыныстар мен ескертулер мұқият зерделеніп, жан-жақты талдануда. Талдау нәтижелері кейбір ұсыныстарды жобаға енгізуге болатынын көрсетті»,– деді Нұрмұханов.
Оның сөзінше, Конституция жобасының мемлекеттік тілдегі мәтінімен жүргізіліп жатқан жұмыс орыс тіліндегі нұсқаға да елеулі әсер етіп отыр. Соның нәтижесінде бірқатар ережелер қайта құрылымдалып, мазмұндық тұрғыда нақтылануда.
«Комиссия отырыстарында маңызды бастамалардың бірі ретінде теңгені Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы ретінде Конституцияда бекіту мәселесі көтерілді. Осы ұсынысты іске асыру мақсатында Конституция жобасының 2-бабы алтыншы тармақпен толықтырылды. Аталған тармаққа сәйкес: Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы – ақша бірлігі теңге. Теңгені эмиссиялаудың айрықша құқығы Қазақстан Республикасына тиесілі. Бұл бастама комиссия мүшелері Айдарбек Қожаназаров пен Нұртай Сабильянов тарапынан қолдау тапты және азаматтар мен қаржы саласы өкілдерінің жолданымдарында да көрініс тапқан. Сонымен қатар, бұрынғы алтыншы тармақ жетінші тармақ болып өзгертіліп, оның мазмұны сақталды. Яғни, Қазақстан Республикасының егемендігі, тәуелсіздігі, унитарлығы, аумақтық тұтастығы мен басқару нысаны өзгермейді» – деді ол.
Нұрмұханов атағандай, Конституция жобасының 6-бабына қатысты түзету ұсынылып отыр.
«Атап айтқанда, мемлекеттік органдарда саяси партия ұйымдарын құруға жол берілмейтіні туралы норма бірінші тармақтан екінші тармаққа көшіріледі. Бұл өзгеріс мемлекеттің қоғамдық бірлестіктер ісіне заңсыз араласуына, сондай-ақ қоғамдық бірлестіктерге мемлекеттік орган функцияларын жүктеуге тыйым салатын ережелерді қисынды түрде толықтырады. Жобаның 12-бабы Қазақстан Республикасының азаматтығына арналған», – деді ол.
Бақыт Нұрмұханов ұсыныстардың ішінде қоғамда үлкен қызығушылық тудырған мәселенің бірі мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың заңсыз әрекеттері салдарынан келтірілген зиянды өтеу құқығын Конституцияда бекіту керегін айтты.
«Бұл бастамаға комиссия мүшелері Серік Ақылбай мен Қарлығаш Жаманқұлова жан-жақты құқықтық негіздеме ұсынды. Қолданыстағы заңнамада бұл тетіктер ішінара қарастырылған. Қылмыстық-процестік кодексте заңсыз ұстау, қамауға алу, үйқамақ, соттау және мәжбүрлеу шаралары салдарынан келтірілген зиянды республикалық бюджет есебінен өтеу көзделген. Азаматтық процесте ар-намысқа, қадір-қасиетке және іскерлік беделге нұқсан келтіретін әрекеттерге тыйым салынған. Осыған байланысты Конституция жобасының 15-бабы төртінші тармақпен толықтырылды. Онда: Әр адамның мемлекеттік органның немесе оның лауазымды адамының заңсыз әрекеті не әрекетсіздігі салдарынан келтірілген зиянды мемлекеттен өтетіп алуға құқығы бар деп нақты көрсетілді», – деді ол.