20 күдікті қамауға алынды
Түркістан облысының прокуратурасы аймақта алаяқтықпен айналысқан қылмыстық топтың ісін сотқа жолдады. Сотқа дейінгі тергеу нәтижесінде 20 күдікті қамауға алынып, қалған екі сыбайласына халықаралық іздеу жарияланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Тергеу мәліметтеріне сәйкес, қылмыстық топты 2024–2025 жылдары Қазақстан аумағында жүрген шетелдік азамат құрып, басқарған. Олардың іс-әрекеті интернет және телефон алаяқтығына негізделген.
Топ мүшелері өздерін келесі қызметкерлер ретінде таныстырып отырған:
Алаяқтар сенімге кіру арқылы жәбірленушілердің жеке деректерін иеленіп, олардың атына ірі көлемде несие рәсімдеген. Кейіннен барлық қаражатты қылмыстық топ мүшелері өз есепшоттарына аударып, иеленіп отырған.
Қазіргі уақытта қылмыстық топтың құрығына іліккен 21 адам анықталды. Оларға келтірілген жалпы материалдық шығын көлемі 125 миллион теңгеден асады.
«Тергеу барысында жәбірленушілерге 20 миллион теңге қайтарылды. Сонымен қатар, күдіктілерге тиесілі үш автокөлікке тыйым салынды. Қалған шығын көлемі сот шешімімен өндірілетін болады», — деп хабарлады Түркістан облысының прокуратурасы.
Ұсталған 20 адамға қатысты «күзетпен ұстау» бұлтартпау шарасы санкцияланды. Іс Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің «Алаяқтық» және «Ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым құру және оларға басшылық ету, сол сияқты оларға қатысу» баптары бойынша тергелуде.
Халықаралық іздеуде жүрген екі күдіктіні ұстау бойынша жедел-іздестіру шаралары жалғасып жатыр.