Қазақстанның спортшылары Конституциялық реформаны қолдап, бірыңғай ұстанымын білдірді

Автор: Мөлдір Қазыбай

Спорт федерациялары жаңа Конституцияны әділеттілік пен жауапкершілікке негізделген құжат деп бағалады

Фото: olympic.kz

Астанада Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасын талқылауға арналған спорт қауымдастығы өкілдерінің жиыны өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оlympic.kz мәліметінше , бүгін ұйымдастырылған жиынға ұлттық спорт федерацияларының басшылары, салалық құрылымдар және Қазақстан Республикасының Ұлттық Олимпиада комитеті өкілдері қатысты. Басқосудың басты мақсаты – елде жүріп жатқан Конституциялық реформаны қолдауда спорт саласының ортақ әрі нақты ұстанымын білдіру.

Кездесу барысында жаңа Конституция қоғамда әділеттілік, жауапкершілік және заң үстемдігі қағидаттарын күшейтуге бағытталған құжат екені айтылды. Қатысушылар адам құқықтары мен бостандықтарының басымдығын қамтамасыз ету, демократиялық институттарды нығайту, «Әділетті Қазақстан» және «Заң мен Тәртіп» қағидаттарын бекіту мәселелеріне назар аударды.

Спорт федерацияларының жетекшілері спорттағы ережелер уақыт талабына сай өзгеріп отыратынын алға тартып, сол сияқты Конституцияны жаңарту да мемлекеттің дамуына бейімделген заңды әрі қажетті қадам екенін атап өтті. Бұл өзгерістер елдің мықты, әділетті және бәсекеге қабілетті болашағын қалыптастыруға бағытталғаны айтылды.

Жиын аясында спорт қауымдастығының Конституциялық реформаны қолдауға арналған Үндеуі қабылданып, оған қатысушылар қол қойды. Құжатта ұлт денсаулығын нығайту, адами капиталды дамыту, ұлттық бірлікті күшейту, азаматтардың әл-ауқатын арттыру және мемлекеттің зайырлы сипатын сақтау мәселелері қамтылған.

Жиын қорытындысында спорт саласының өкілдері елдің тұрақты әрі әділетті дамуына үлес қосуға дайын екендіктерін мәлімдеді.