Дүлей бораннан ешкім зардап шеккен жоқ
Жамбыл облысына қарасты Жаңатас қаласында боран біраз үйдің шатырын ұшырып әкетті.Өңір әкімдігі оқиғаға байланысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Әкімдік мәліметінше, 6 ақпан күні Сарысу ауданы Жаңатас қаласында екпіні 32 м/с-қа дейін жеткен қатты желдің салдарынан бірқатар нысанға зақым келді.
1-шағын аудандағы №32, 33, 34, 35 тұрғын үйлердің, 3-шағын аудандағы №6 тұрғын үйдің, 4-шағын аудандағы №15 және №15 «а» тұрғын үйлердің шатырлары жартылай ұшқан.
Сонымен қатар Бейбітшілік көшесінде орналасқан ту тұғыры құлап, аудан аумағында электр жарығы уақытша сөнген.
«Қазіргі уақытта зардап шеккен азаматтар туралы ақпарат тіркелген жоқ. Оқиғаға байланысты аудан әкімдігінде жедел штаб құрылып, зерделеу және қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.
Қоғамдық-саяси ахуал тұрақты», – делінген облыс әкімдігінің хабарламасында.
Айта кетейік, осыған дейін Жамбыл облысындағы дүлей жел көп қабатты үйлердің шатырын ұшырып жатқаны хабарланған.