Қарлы боран жолды жапты: үш облыста республикалық трассалар уақытша жабылды

Автор: Мөлдір Қазыбай

Ақмола, Қарағанды және Павлодар өңірлерінде көліктің барлық түріне шектеу қойылды

Фото: istockphoto.com

Ауа райының күрт нашарлауына байланысты 5 ақпан күні Ақмола, Қарағанды және Павлодар облыстарында республикалық маңызы бар бірқатар автожолда көліктің барлық түрі үшін қозғалыс уақытша тоқтатылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ақмола облысында 5 ақпан сағат 21:00-ден бастап бірнеше бағыт толық жабылды. Олардың қатарында Астана – Қабанбай батыр – Нұра – Теміртау, Астана – Шідерті – Павлодар – Успенка – РФ шекарасы, Астана – Атбасар – Жақсы – Рузаевка – Сарыкөл – Қостанай – РФ шекарасы, Астана – Қарағанды – Алматы және Астана – Қорғалжын бағыттары бар. Бұл жолдардағы белгілі учаскелерде қозғалыс толық тоқтатылды.

Қарағанды облысында Астана – Қабанбай батыр – Нұра – Теміртау автожолының Ақмола облысының шекарасынан Нұра кентіне дейінгі бөлігі, сондай-ақ Астана – Қарағанды – Алматы трассасының Ақмола облысының шекарасынан Теміртау маңындағы ақы алу пунктіне дейінгі аралығы жабылды.

Павлодар облысында да шектеу енгізіліп, Астана – Шідерті – Павлодар – Успенка – РФ шекарасы автожолының Ақмола облысының шекарасынан Шідерті кентіне дейінгі учаскесінде көлік қозғалысы тоқтатылды.

Жол қызметтерінің мәліметінше, барлық бағытта қозғалысты 6 ақпан сағат 08:00-де қайта ашу жоспарланып отыр. Жүргізушілерге алыс сапарға шықпау, жолға шығар алдында ауа райы болжамы мен ресми хабарламаларды мұқият қадағалау ұсынылады.