Тар жолдың тауқыметі артта қалмақ: Атырау – Доссор тасжолын кеңейту жұмысы биыл басталады

Автор: Мөлдір Қазыбай

86 шақырымдық тасжол төрт жолақты болып, бірінші санатқа өтеді

Фото: Көлік министрлігі

Республикалық маңызы бар Атырау – Доссор автожолын төрт жолақты ету жобасы биыл іске қосылады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Өңір экономикасының күретамыры саналатын бұл бағыттың тарлығы жылдар бойы жүргізушілер үшін өзекті мәселеге айналған. Мұнай-газ кәсіпорындары шоғырланған аймақта көлік ағыны жылдан-жылға көбейіп, жолдың өткізу қабілеті сын көтермей келген. 

Атырау – Доссор бағытын кеңейту мәселесі алғаш рет 2022 жылы көтерілген еді. Сол кезде жол құрылысы 2025 жылы басталады деп жоспарланған. Алайда жоба түрлі себептермен кейінге шегеріліп, нақты іске аспай қалды. Енді бұл бастамаға қайта жан бітіп отыр.

«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының мәліметінше, жалпы ұзындығы 86 шақырымды құрайтын жол төрт жыл ішінде толық аяқталуы тиіс. Қаржыландыру халықаралық қаржы институтының мемлекеттік кепілдік аясындағы қаражаты есебінен жүргізіледі. Қазіргі таңда құрылыс құны шамамен 140 млрд теңге деп бағаланып отыр, алайда жобалау барысында смета өзгеруі мүмкін.

«Алдағы ақпан-наурыз айларында мердігер компания анықталады. Жобалық-сметалық құжат әзірлеуге бір жыл беріледі. Ал негізгі құрылыс-монтаж жұмыстары үш жылға созылады. Жол пайдалануға берілгеннен кейін мердігер жеті жыл бойы күтіп-ұстауға міндеттеледі», – деді компанияның Атырау облысындағы филиал директоры Арман Қайреденов.

Қазіргі таңда Атырау – Доссор тасжолы үшінші техникалық санатқа жатады. Жаңғырту жұмыстары аяқталған соң бұл бағыт бірінші санатқа өтеді. Бұл қозғалыс қауіпсіздігі күшейіп, жолдың өткізу мүмкіндігі айтарлықтай артады деген сөз.

Жобаның маңыздылығы жол-көлік оқиғаларының статистикасынан да аңғарылады. Өткен жылы аталған учаскеде 43 апат тіркеліп, 24 адам қаза тапқан. Ал биыл жыл басынан бері екі жол апаты болған.

Сонымен қатар қазір Доссор – Құлсары және Құлсары – Маңғыстау облысының шекарасына дейінгі аралықта орташа жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Былтыр 38 шақырым жол пайдалануға берілсе, бүгінде Доссордан шыға берістегі 66 шақырым учаскеде жөндеу жалғасуда. Ал Маңғыстау бағытын төрт жолақты ету мәселесі Атырау – Доссор жобасы толық аяқталғаннан кейін ғана қаралады.

Жалпы, бұл жоба жай ғана жол құрылысы емес, өңірдің логистикасын жеңілдетіп, адам өмірінің қауіпсіздігін арттыруға бағытталған маңызды қадам.