«Елдің бәсекеге қабілеттілігі адами капиталмен өлшенеді»: ЖОО ректоры білім мен ғылымның рөлі жайлы айтты

Автор: Асыл Арман

Конституциялық комиссияда жоғары білім мен ғылымның рөлі талқыланды

Фото: Видеодан скрин

Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің ректоры Нұрлан Дулатбеков Конституциялық комиссия отырысында соңғы жылдары жоғары оқу орындары ғылым, инновация және өңірлік дамудың маңызды драйверіне айналып отырғанын атап өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ол өз сөзінде Конституция жобасының преамбуласында мәдениет пен білімнің, ғылым мен инновациялардың құндылықтарына баса назар аударылғанын, бұл ретте мемлекет дамуының стратегиялық ресурсы ретіндегі білім мен ғылымның рөлі күшейтілу ұсынылып отырғанын айрықша атап өтті.

«Бүгінде елдің бәсекеге қабілеттілігі шикізат көлемімен емес адами капиталдың сапасымен өлшенеді. Инженерлер, ғалымдар, оқытушылар мен зерттеушілер экономикалық өсімнің, техникалық дамудың және ұлттық қауіпсіздіктің негізін қалайды. Қазіргі уақытта университеттер ғылым зерттеулер, инновациялар мен өңірлік дамудың орталығына айналып келе жатыр. Сондықтан ғылым мен білімнің басымдығын конституциялық түрде бекіту осындай трансформация үшін ұзақ мерзімді негіз бола алады», – дейді ЖОО басшысы.

Ол сөзін жалғай отырып, мемлекеттің әлеуметтік рөлі білім, ғылым және мәдени даму салаларын қолдау сынды инвестициялық өлшемдер арқылы көрсетілгенін, алайда осы белгіленген құндылықтар аясында білім алудың құқық ретіндегі нормативтік негізі жеткілікті түрде айқындалмағанын тілге тиек етті.

«Конституция жобасының 33-бабын талқылау барысында соңғы 30 жылдағы жоғарғы білім жүйесінің даму барысын ескерудің маңызы зор екендігін санаймын. Мәселен, 1995 жылы Конституция қабылданар кезде ЖОО-лар түгел дерлік мемлекеттік болғаны белгілі. Алайда бүгінгі күннің шарттары басқа. Академиялық және басқарушылық автономия пайда болды. Жеке және халықаралық университеттер дамып келе жатыр. Қаржыландырудың моделі өзгерді. Бұрынғыдай тікелей бюджеттік қаржыландырудың орнын мемлекеттік білім беру тапсырыс басты. Гранттар мен бірлескен қаржыландыру корпоративтік бағдарламалар мен білім несиелері белсенді түрде іске қосылған», – дейді Нұрлан Дулатбеков.

Оның айтуынша, қазіргі заманғы білім беру жүйесі қаржыландырудың бірнеше көзін ұштастыруға негізделген. Мұндай тәсіл білім алуға қолжетімділікті кеңейтуге, оқу бағдарламаларының сапасын арттыруға және жоғары оқу орындарының тұрақты дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, дейді ол.

«Осыған байланысты жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімді меншік нысанына қарамастан жүзеге асыратын ұйымдарда білім алудың мүмкіндігін нақты көрсететін тұжырымдарды қолдану орынды. Атап айтқанда, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру мемлекеттік білім беру тапсырысы шеңберінде немесе ақылы негізде, конкурстық тәртіппен, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген шарттар мен тәртіпке сәйкес жүзеге асырылуы тиіс.

Құрметті әріптестер! Білім беру ұйымдарының зайырлы сипатын бекітетін, діни оқу орындарын қоспағанда, 33-баптың 5-тармағының жаңа редакциясына ерекше назар аудару қажет. Бұл норма діннің мемлекеттен бөліну қағидатына толық сәйкес келеді. Білім беру жүйесі үшін оның маңызы айрықша. Университеттер мен мектептер ғылымның, білімнің және академиялық еркіндіктің ортасы болып қалуы тиіс. Мұндай көзқарас білім алушылардың құқықтарын қорғауға, бейтарап білім беру ортасын сақтауға және идеологиялық қысым тәуекелдерін азайтуға ықпал етеді», – дейді ЖОО ректоры.

Нұрлан Дулатбековтің айтуынша, комиссия жұмысы барысында жоба жан-жақты әрі кәсіби деңгейде талқыланғаны анық байқалды. Талқылау кезінде өңірлердің ұстанымдары, білім беру саласындағы сарапшылар қауымдастығының, білім беру ұйымдары өкілдерінің, сондай-ақ Қазақстан жоғары оқу орындары қауымдастығының ұсыныстары ескерілді, қорытынды мәтін дәстүрлер мен заманауи сын-қатерлердің, сондай-ақ даму міндеттерінің арасындағы тепе-теңдікті көрсетеді, дейді ректор.

«Сөз соңында Конституциялық комиссия құрамындағы әріптестерге белсенді әрі нәтижелі еңбектері үшін алғыс білдіремін. Қабылданған нәтиже мазмұнды, байыпты әрі болашаққа бағытталған. Академиялық қауымдастық атынан жаңа Конституция жобасын қолдайтынымды және оны одан әрі кәсіби тұрғыда сүйемелдеуге дайын екенімізді білдіремін», – деп Нұрлан Дулатбеков сөзін түйіндеді.