Ерлан Қарин: қолданыстағы Конституция кеңестік дәуірдің лекcикасымен жазылған
Ол мемлекеттік тілдің мәртебесі жайлы да айтты
Конституциялық комиссия отырысында Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин жаңа Конституция жобасында ескі құжаттағы қателер қалай түзетілгенін айтып шықты, деп жазады Azattyq Rýhy.
«Жаңа Конституцияның мемлекеттік тілдегі нұсқасын әзірлеу барысында бірқатар негізгі ұстанымдар басшылыққа алынды. Ең алдымен, 1995 жылы қабылданған Конституция мәтінінде кездесетін, әртүрлі құқықтық түсіндіруге алып келуі мүмкін өрескел қателер, сондай-ақ мағынасы дәл ашылмаған терминдер мен тіркестер анықталды.Мысалы, қолданыстағы Конституцияда «мемлекеттік гимн» деген атау қолданылғанымен, қоғамда және заңнамада ол «мемлекеттік әнұран» ретінде орныққан. Осыған байланысты комиссия мүшелері Конституция жобасына «мемлекеттік әнұран» деген атауды енгізуді ұсынды. Бұл қадам заңнамада көрсетілген атаулар мен Ата заңда қолданылатын терминдерді біріздендіруге мүмкіндік берді», - деді Қарин.
Ол атағандай, сол сияқты «әскерилендірілген құрамалар құруға» деген тіркес «әскерилендірілген жасақтар құруға» деп өзгерген.
«Себебі «құрама» сөзі қазіргі қолданыста өзге мағынада қолданылады, ал «жасақ» ұғымы норманың мазмұнын дәл әрі толық ашады.Қолданыстағы Конституцияда бірнеше рет кездесетін «сайлау тағайындайды» деген тіркес те қайта қаралды. 1995 жылғы Конституцияға сәйкес, сайлау «тағайындалмайды», керісінше «сайлау өткізу туралы шешім қабылданады». Бұл ерекшелік жаңа мәтінде ескерілді. Сонымен қатар «азаматтарға кешірім жасауды жүзеге асырады» деген тіркес калька аударма екені анықталды. Осыған байланысты ол «кешірім беру туралы шешім қабылдайды» деген нұсқамен ауыстырылды. «Түбегейлі принциптер» деген тіркес «негіз құраушы қағидаттар» деп нақтыланды. Мұндай мысалдар көп, алайда аталғандар жасалған жұмыстың бір ғана бөлігі», - деді Ерлан Қарин.
Ол атағандай, екінші маңызды бағыт мағынасы ескірген, өзгерген немесе құқықтық табиғаты толық ашылмаған терминдерді қайта қарау болды.
«Бұған дейінгі отырыстарда айтылғандай, қазіргі Ата заңда кезінде кең қолданылған, алайда бүгінгі таңда мағынасы көмескіленген «мемлекеттік қауіпсіздік», «телеграф», «тектік, топтық араздық» сияқты терминдер кездеседі. Мәселен, «мемлекеттік қауіпсіздік» ұғымы кеңестік кезеңде жиі қолданылған. Қазіргі құқықтық кеңістікте бұл терминнің орнына «ұлттық қауіпсіздік» ұғымы орнықты. Осыған байланысты жаңа Конституция жобасында да «ұлттық қауіпсіздік» атауы қолданылды. Сол сияқты 1995 жылғы Конституцияда кездесетін «тосқауылдарға тұруға» деген тіркес қазіргі кезде көпшілікке түсініксіз. Оның құқықтық мәні бейбіт жиналыстардың бір түрі – пикет өткізу ұғымына сәйкес келеді. Сондықтан жаңа мәтінде бұл норма «пикет өткізуге» деп нақтыланды.«Хақылы», «хақысы жоқ» сияқты сөздер қазіргі қазақ тілінің құқықтық қолданысынан шығып қалғандықтан, олар «құқылы», «құқығы бар», «құқылы емес», «құқығы жоқ» деген заманауи әрі орныққан нұсқалармен алмастырылды. Сонымен қатар қазақ тілінде орынсыз жиі қолданылатын «болып табылады» деген тіркес мәтіннің барлық жерінен алып тасталды», - деді Қарин.
Мемлекеттік хатшы қазақ тілін кеңсе тіліне айналдыру үшін ата заңның мәтіні дұпрыс болуы керек дейді.
«Қазақ тілі кеңсе тіліне айналуы үшін, әсіресе, Ата заңымыз мемлекеттік тілде дұрыс, ұғынықты тілде жазылуы тиіс. Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру тіл мәселесін Ту етіп ұрандатудан емес, ең алдымен көзге көрінбейтін, бірақ күнделікті шаруаны талап ететені маңызды жұмыстан басталады», - деді Қарин.