Қосшыда бұрын 6 рет сотталған азаматқа жаза тағайындалды
Ақмола облысындағы Қосшы қаласында ер адам мысыққа арналған төсек пен ас үйге қажетті бұйымды ұрлағаны үшін екі жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Соттың мәліметінше, күдікті жеке тұрғын үйге газға қосу қызметін ұсынамын деген сылтаумен кіріп, жағдайды пайдаланып, аулада тұрған екі қорапты алып кеткен. Кейін қораптардың ішінде мысыққа арналған төсек пен ас үй үгіткіші бар екенін анықтаған соң, ұрланған заттарды лақтырып жіберген.
Жәбірленуші бұл заттарды курьер арқылы тапсырыс бергенін және уақытша үй ауласына қалдырғанын айтқан. Бейнебақылау камераларындағы жазбаларды көрген соң, ол полицияға жүгінген.
Сотта күдікті кінәсін толық мойындап, келтірілген 28 мың теңге көлеміндегі шығынды өтегені ескерілді. Алайда оның бұған дейін алты рет сотталғаны анықталып, сот осы жайтты ауырлататын мән-жай ретінде бағалады. Нәтижесінде айыпталушыға шартты жаза емес, нақты мерзім белгіленді.