Қостанай қаласының әкімі де коронавирус жұқтырып алды

Автор: Azattyq Rýhy

Бұған дейін де еліміздегі бірнеше әкімнен COVID-19 вирусы анықталған еді

Қостанай қаласының әкімі Қайрат Ахметов коронавирус жұқтырып алды. Бұл туралы ақпаратты әкімнің өзі Instagram әлеуметтік желісінде жазған.

Қ. Ахметов коронавируске тапсырған ПТР-тест оң нәтиже көрсеткенін, соған байланысты оқшаулануға кететінін мәлімдеді.

«Барлық сақтық шараларын қатаң сақтағаныма қарамастан, өкінішке қарай, CОVID-19 вирусына тапсырған сынағым оң нәтиже көрсетті. Осы себептен мен оқшаулануға кетемін және жұмысымды қашықтан жалғастырамын. Осыған орай, қала тұрғындарын белгіленген барлық талаптар мен қажетті қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақырамын. Біздің міндетіміз – шыдамдылық танытып, тазалыққа үлкен мән беру, өз отбасымызды қауіп-қатерден қорғау. Мұндай қиын жағдайда өз денсаулығын қорғауға саналы түрде қарау керек. Өзіңізді және жақындарыңызды сақтаңыздар», - деп жазды Қостанай әкімі өзінің Instagram-парақшасында.