«Сенбеңіздер»: қазақстандық адвокатты Германияда жауыздықпен өлтірді деген күйеуі алғаш рет пікір білдірді (ВИДЕО)

Автор: Асыл Арман

Олар Мәскеуде Тергеу комитетінде түсініктеме берді

Фото: T.me/112

Қазақстандық адвокат Айгүл Сайлыбаеваны Германияда асқан жауыздықпен өлтірді деген күдікпен күйеуі Александр Донцов пен енесі Наталья Донцоваға қатысты тың мәлімет жарияланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Telegram желісіндегі 112 арнасының мәліметіне сүйенсек, олар қазір Мәскеуде тұрып, жұмыс істеп жүр.

Эксклюзивті кадрларда Александр Донцов көрсетілген. Ол қылмысқа қатысы барын толық жоққа шығарып, өзін жала жапты деп мәлімдеді. Алайда 112 дереккөзіне сүйенсек, 2 ақпанда Александр мен Наталья Донцова Мәскеу қаласының Тергеу комитетінде түсініктеме берген. Бұл ретте Наталья Донцова РФ Конституциясының 51-бабын пайдаланып, тергеушімен сөйлесуден бас тартқан.

«Сіздер өте көп өтірік айттыңыздар. Өте көп жалған ақпарат айтылды. Арандатушылыққа ермеңіз, сенбеңіздер. Дәл осы бандиттік әдіске алданбаңыздар», – дейді Александр Донцов.

Айта кетейік, Айгүл Сайлыбаева соңғы бес жыл бойы күйеуімен және баласымен бірге Германияда өмір сүрген. Ол 3 маусым күні байланысқа шықпай қалған. Оның із-түзсіз кеткеніне алаңдаған туыстары Айгүлдің тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбаны болуы мүмкін екенін айтып, Франкфурт-на-Майндегі Қазақстанның Бас консулдығына жүгінген.

Арада көп ұзамай, жергелікті БАҚ бұрынғы судьяның мәйіті табылғанын хабарлады. Оның денесі Бенсхайм қаласының шетінде орналасқан карьерден қаптың ішінен табылған. Марқұмның қолында, мойнында және бетінде пышақ жарақаттары болған. Осыдан кейін Сайлыбаеваның 49 жастағы енесі Наталья Донцова да хабар-ошарсыз кеткен.