Лицензиясыз қызмет, стандарттың сақталмауы және айыппұлдар – ДСМ ауқымды тексеру қорытындысын жариялады
Қазақстанда 2025 жылы жүргізілген кешенді тексерулердің нәтижесінде 400-ге жуық денсаулық сақтау субъектісі қызметін тоқтатты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті жекеменшік медициналық ұйымдарға қатысты қадағалауды күшейтіп, ел көлемінде кең ауқымды тексерулер жүргізді. Соның нәтижесінде лицензиясыз жұмыс істеу, медициналық көмек көрсету стандарттарын өрескел бұзу және біліктілік талаптарына сай келмеу секілді жүйелі заң бұзушылықтар анықталды.
Тексеру барысында 500-ден астам әкімшілік жаза қолданылып, салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 70 млн теңгеден асты. Қадағалау тәжірибесінде алғаш рет медициналық ұйымдардың қызметін уақытша тоқтату, лицензиясыз қызмет көрсеткен мекемелерді жабу және талаптарға сай келмеген медицина қызметкерлерін жұмыстан шеттету сияқты жедел шаралар іске асырылды.
Бақылау ең алдымен жеке емшара кабинеттеріне, наркологиялық оңалту орталықтарына және стоматологиялық клиникаларға бағытталды. Ел бойынша 1900-ден астам жеке рәсімдік кабинет анықталып, олардың 406-сы медициналық қызметті лицензиясыз көрсеткені белгілі болды. Тексеру мен түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде 247 кабинет өз еркімен жұмысын тоқтатты.
Жеке наркологиялық және оңалту орталықтарына қатысты 39 тексеру жүргізіліп, олардың 14-інде лицензияның мүлде болмағаны анықталды. Ал стоматологиялық қызмет көрсететін 313 клиниканың 143-і тексеруден кейін өз еркімен жабылды.
Ең жиі тіркелген заң бұзушылықтардың қатарында лицензиясыз қызмет көрсету, фармацевтикалық қызмет қағидаларын сақтамау, медициналық стандарттарды өрескел бұзу, біліктілік талаптарына сай келмеу және тіркелмеген дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдарды қолдану бар.
Министрлік 2026 жылдан бастап жекеменшік медициналық ұйымдарға бақылауды одан әрі күшейтуді жоспарлап отыр. Атап айтқанда, ТМККК және МӘМС аясында кешенді тексерулер жүргізу, лицензиялардың қолданылу мерзімін 5 жылмен шектеу, лицензиядан кейінгі бақылауды цифрландыру және жасанды интеллект элементтері бар тәуекелдерді басқару жүйесін енгізу көзделген.