Павлодарда полицей 550 мың теңге пара аламын деп 24 млн теңге айыппұл төлейтін болды

Автор: Асыл Арман

Ол лейтенант шенінен айырылды

Фото: Azattyq Rýhy

Павлодарда сот бұрынғы полиция қызметкерін пара алу ісі бойынша кінәлі деп танып, оған ірі көлемде айыппұл салды және мемлекеттік қызметте еңбек етуіне өмір бойына тыйым салды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі IrbisTV-ге сілтеме жасап.

Сот материалдарына сәйкес, 2025 жылы 25 жастағы тергеуші Арал қаласынан (Қызылорда облысы) Павлодарға қызметтік іс-сапарға келген. Оның міндеті – алаяқтық дерегі бойынша күдіктіні іздеп тауып, жауап алу болған.

Алайда күдіктінің анасымен кездескенде полиция қызметкері ұлының қылмыстық жауапкершілікке тартылмауы үшін ақша ұсынуды талап еткен. Құжаттарға сәйкес, ол 550 мың теңге көлемінде қаражат сұраған.

Әйел адам ақшаны беруге келіссе де, сол күні-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке хабарлап, пара талап етілгенін жеткізген. Қаражаттың берілуі құқық қорғау органдарының бақылауында өтті, ал лейтенант ұсталды.

Сотта айғақтар жеткілікті деп танылып, бұрынғы полицейдің әрекеті ҚР Қылмыстық кодексінің 366-бабының 2-бөлімі бойынша қаралды.

«Қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін, ҚР ҚК 366-бап 2-бөлімі бойынша кінәлі деп танып, пара сомасының 50 еселенген көлемінде айыппұл салу – 27 млн 500 мың теңге, сонымен қатар мемлекеттік қызметте өмір бойы қызмет атқаруға тыйым салу», – деп хабарлады Павлодар қаласының ауданаралық қылмыстық істер сотының судьясы Орнек Абжапаров.

Сот айыпталушының 197 күн уақытын қамауда өткізгенін есепке алды. Бұл мерзім ақшаға аударылып, айыппұл сомасына қосылды. Нәтижесінде айыппұл шамамен 24 миллион теңге болып белгіленді.

Айыпталушыға айыппұлды төлеу үшін екі ай мерзім берілді. Сонымен қатар ол «лейтенант» арнайы шенінен айырылды.

Аталған үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.