Сауда орталығында бұзақылық жасаған ер адамды полиция қолға түсірді
Астанада сауда орталығында жүрген ер адамның әрекеті жұртты шошытты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Видеоға назар аударсақ, ер адам эскалатор алдында тұрған темір қоршауды күшпен жұлып алып, маңайында тұрған шыны қоршауларды шағып тастағанын көруге болады.
Оқыс оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде жарияланып, күдікті көп ұзамай қолға түсті. Жағымсыз жағдайға қатысты қалалық Полиция департаменті ресми түрде түсініктеме берді.
«Сауда үйлерінің бірінде ер адам қоғамдық тәртіпті өрескел бұзып, металл қоршау бағанасын әдейі жұлып алып, бутиктің витриналарын сындырған. Қоғамға ашық түрде құрметсіздік танытқан оның агрессивті әрі өрескел әрекеттері бейнебақылау камераларына түсіп қалған.
31 жастағы құқық бұзушы оқиға орнында ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Бұзақылық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Полиция ескертеді: бөтен мүлікті бүлдірумен қатар жүретін қоғамдық тәртіпті аса өрескел бұзу – қылмыстық жауапкершілікке тартылатын әрекет болып саналады. Мұндай құқық бұзушылық үшін заңнамада айыппұлдан бастап бас бостандығынан айыруға дейінгі жаза көзделген.
«Заң және Тәртіп» қағидаты өзгеріссіз қалады: әрбір құқыққа қайшы әрекетке қатаң әрі құқықтық баға беріледі, ал жаза – бұлтартпай жүзеге асырылады», – делінген Полиция департаментінің хабарламасында.