Қолайсыз метеожағдай салдарынан қалада ауа сапасы күшейтілген бақылауға алынды
Өскемен қаласында атмосфералық ауа құрамындағы үш бірдей зиянды заттың мөлшері рұқсат етілген шектен асып кеткені анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
2 ақпан күні жүргізілген мониторинг нәтижесінде күкіртсутек, күкірт диоксиді және көміртегі тотығы бойынша айтарлықтай артық көрсеткіштер тіркелді. Атап айтқанда, күкіртсутек мөлшері шекті нормадан 4 еседен аса, күкірт диоксиді шамамен 3,8 есе, ал көміртегі тотығы 1,8 есеге жуық жоғарылаған. Бұған дейін, 1 ақпанда да ауа құрамындағы екі зиянды заттың шектен асқаны байқалған.
Шығыс Қазақстан облысында бірнеше күн қатарынан сақталған қолайсыз метеорологиялық жағдайлар ахуалды ушықтырған. Осыған байланысты экология саласының мамандары, гидрометеорологиялық қызмет пен санитариялық-эпидемиологиялық бақылау органдары бірлесіп, қала аумағында атмосфералық ауаның сапасын күн сайын көшпелі тәсілмен тексеріп жатыр.
Жүргізілген бақылаулардың қорытындысы бойынша, ауа сапасы жалпы алғанда орташа деңгейде бағаланып, тұрғындардың денсаулығына тікелей қауіп төндірмейді деген тұжырым жасалды. Сонымен қатар желсіз күндері өндіріс орындарына жүктемені 20–40 пайызға дейін қысқарту міндеттеліп, экологиялық қысымды азайту шаралары қабылдануда.