«Жүре алмаймын»: Павлодар облысында тыл еңбеккері үйімен бірге өртеніп кете жаздады (ВИДЕО)

Автор: Асыл Арман

Оқыс оқиға Шарбақты ауылында болды

Фото: Видеодан скрин

Павлодар облысының Шарбақты ауылында полиция қызметкерлері қария кісіні алапат өрттен құтқарып қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, патрульдеу барысында полиция қызметкерлері Владимир Скрипко мен Павел Озгерыс тұрғын үйдің шатыры өртеніп жатқанын байқап қалған.

«Сағат 21.00 шамасында Вокзальная көшесі, 3/2 мекенжайы маңынан қою түтіннің көтерілгенін көрдім. Ойланбастан әріптесіммен бірге үйге қарай жүгірдік, жолда өрт сөндіру бөліміне хабар бердік. Оқиға орнына келгенде үйдің қосымша құрылысының шатыры жанып жатқанын, оттың көрші екі пәтерлі тұрғын үйдің төбесіне де тарай бастағанын байқадық. Бір үйдің иесі отбасымен бірге сыртқа шығып үлгеріп, көрші пәтерде жалғыз тұратын әжей бар екенін айтты. Үйдің ішінде қою түтін болды. Бөлмелердің бірінен 88 жастағы әжей – тыл еңбеккері Гусь Лидия Романовнаны тауып, сыртқа алып шықтық. Кейін мүмкін болатын жарылыстың алдын алу үшін газ баллондарын қауіпсіз жерге шығарып, әжейдің құжаттарын да алып шықтық», – деп айтты Шарбақты ауданының учаскелік полиция инспекторы Владимир Скрипко.

Полицейлер әжейді қауіпсіз жерге, көршілердің үйіне апарып, болған жағдай туралы оның туыстарына хабарлаған. Жақындары әжейді өз үйлеріне алып кеткен. Қазіргі таңда Лидия Романовнаның өміріне еш қауіп төніп тұрған жоқ.

«Мен жүре алмаймын, аяқтарым ауырады. Үй ішінде тек жүріс арбасының көмегімен қозғаламын. Оның үстіне құлағым да нашар естиді. Күйік иісін сездім, бірақ оның қайдан шығып жатқанын түсінбедім. Қатты қорқып кеттім, не болып жатқанын білмедім. Жігіттер жүгіріп кіргенде мені тыныштандырып: «бәрі жақсы, әже, уайымдамаңыз» деді. Мені жалғыз қалдырмай, үйден шығуға көмектескен полицейлерге алғысым шексіз. Олар менің өмірімді сақтап қалды», – дейді Лидия Романовна.

Оқиға орнына келген өрт сөндірушілер өртті оқшаулады. Тұрғындардың ешқайсысы зардап шеккен жоқ.