Басып озамын деп үш көлікпен соқтығысты: Жетісу облысындағы жол апатының видеосы тарады

Автор: Асыл Арман

Жол апатынан бір адам қаза тапты

Фото: Видеодан скрин

Жетісу облысында адам өлімімен аяқталған жол-көлік оқиғасы видеоға түсіп қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қайғылы оқиға 31 қаңтар күні күндіз Ескелді ауданының Қарабұлақ ауылында (Мелькомбинат аумағында) болған. Әлеуметтік желіде жарияланған видеоларда автокөліктердің бірінің басып озу кезінде өзге көлікке соғылғаны көрінеді. Соққы салдарынан қарсы бағытқа шығып кетіп, тағы екі автокөлікпен соқтығысқан.

Әлеуметтік желілерде жол апаты орнынан түсірілген қорқынышты кадрлар тарады. Зардап шеккен бес адам аудандық ауруханаға жеткізіліп, оларға медициналық көмек көрсетілуде. Кейінірек алған жарақаттарының салдарынан Nissan көлігінің жүргізушісі көз жұмғаны белгілі болды.

«31 қаңтар күні Талдықорған – Текелі автожолында төрт автокөліктің қатысуымен жол-көлік оқиғасы болды. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр, оның барысында болған оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда. Mercedes автокөлігінің жүргізушісі қамауға алынды», – деп хабарлады Жетісу облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі агенттік тілшісіне берген түсініктемесінде.

Полиция департаменті жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, жылдамдық режимі мен арақашықтықты ұстануға, сондай-ақ жолда барынша мұқият болуға шақырады.