Табиғат байлығын заңсыз иемденгені үшін бір жылға бас бостандығы шектелді
Батыс Қазақстан облысында киік мүйізін заңсыз иемденіп, сақтаған жергілікті тұрғынға қатысты сот үкімі шығарылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Іс Тасқала аудандық сотында қаралды. Тергеу деректеріне сәйкес, 2025 жылдың күзінде аудан тұрғыны шаруа қожалығының қыстауы маңында шөп шауып жүріп, даладан киіктің бас сүйегін мүйізімен қоса тауып алған. Табылған затты трактор кабинасына салып, сол күні кешке қыстауға жеткізген.
Аталған олжа белгілі бір мақсат көзделмей, шаруашылыққа тиесілі сарайда сақталған. Алайда көп ұзамай полиция қызметкерлері жүргізген тінту барысында киік мүйізі анықталып, заңсыз сақтау фактісі тіркелді.
Сот отырысында айыпталушы өз кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкінетінін білдірді. Сот бұл жайтты, сондай-ақ оның жеке басын және істің өзге де мән-жайларын ескере отырып, бір жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Жаза мерзімінің барлығына пробациялық бақылау белгіленді.