Шетелдіктерге жер сатуға қойылған тыйым күшін жойды деген қауесет тараған еді
Алматыда жаңа Конституция жобасында «шетелдіктерге жер сатуға рұқсат берілді» деген жалған ақпарат таратқан азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл мәлімет шындыққа жанаспайтын болып шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Соңғы уақытта мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде Қазақстан Конституциясының жаңа жобасында шетелдіктерге жер сатуға қойылған тыйым күшін жойды деген қауесет тараған. Полиция бұл ақпараттың фактыларды бұрмалау екенін ресми түрде мәлімдеді.
Жер мен табиғи ресурстарға қатысты ережелер ешқандай өзгеріске ұшырамаған. Жаңа жобадағы нормалар қолданыстағы Конституцияға толық сәйкес келеді және шетелдіктерге жер сатуға қатаң тыйым сақталған.
Жалған ақпарат таратқан А. есімді азаматтың ісі Алматы қаласының аудандық әкімшілік сотында қаралды. Азамат көрінеу жалған мәліметті көпшілікке жариялағаны үшін кінәлі деп танылды. Сот оған 20 АЕК (86 500 теңге) көлемінде әкімшілік айыппұл салды.
Полиция департаменті кез келген ақпаратты ашық ресурстарға жарияламас бұрын оның анықтығын тексеру қажеттігін еске салады.
«Жалған мәліметтерді тарату — ұлттық заңнама бойынша құқық бұзушылық болып табылады. Біз азаматтарды тек ресми және тексерілген дереккөздерге сенуге шақырамыз», — делінген хабарламада.