Зиянды заттар атмосфераның төменгі қабатында жиналады
Синоптиктер 1 ақпан күні Қазақстанның бірнеше ірі қаласында ауаның ластану деңгейінің артатынын ескертті. Қолайсыз метеорологиялық жағдайларға байланысты зиянды заттар атмосфераның төменгі қабатында жиналып, адам денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Қазгидрометке» сілтеме жасап.
Мамандардың болжамынша, 12 қалада зиянды заттардың таралуына кедергі келтіретін қолайсыз метеорологиялық жағдайлар қалыптасады. Олар: Алматы, Астана, Қостанай, Көкшетау, Петропавл (түнде), Павлодар, Қарағанды, Теміртау, Өскемен, Семей, Риддер, Ақтөбе.
Қолайсыз метеорологиялық жағдайлар — бұл штиль (желсіз ауа райы), әлсіз жел, тұман және инверсияның (температураның биіктік бойынша дұрыс таралмауы) жиынтығы. Мұндай сәтте өндіріс орындары мен автокөлік түтіндері жоғары көтерілмей, жерге жақын қабатта жиналып, смог түзеді.
Ауаның ластануы, әсіресе, созылмалы ауруы бар жандарға ауыр тиюі мүмкін. Мамандар келесі сақтық шараларын ұсынады:
1. Сыртқа шығуды азайту: Далада, әсіресе үлкен автотрассалар мен өндіріс аймақтарының маңында серуендеу уақытын қысқартыңыз.
2. Науқастарға ескерту: Өкпе, жүрек-қан тамырлары немесе аллергиялық аурулары бар адамдар қажетті дәрі-дәрмектерін үнемі жанында ұстауы тиіс.
3. Белсенділікті шектеу: Далада физикалық жаттығулар жасаудан немесе ауыр жұмыс істеуден бас тарта тұрған жөн.