AMANAT: Жаңа Конституция кемел азаматтық патриотизм моделін қалыптастырады

Автор: Мөлдір Қазыбай

«AMANAT» фракциясы жаңа Ата заңды қоғамға жеткізуді өзіне саяси жауапкершілік деп санайды

Фото: Әли Ғалым

Жаңа Конституция жобасы жарияланған күні Мәжілісте «AMANAT» партиясы фракциясының арнайы жиыны өтіп, онда елдің болашақ дамуын айқындайтын басты құжаттың тарихи маңызы жан-жақты талқыланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Фракция мүшелері Негізгі заң жобасы мемлекеттің орнықты дамуына, қоғамды ұйыстыруға бағытталғанын атап өтіп, құжатты толық қолдайтындарын мәлімдеді. Сонымен қатар партия өкілдері жаңа Конституцияны түсіндіру және қоғамдық талқылау жұмыстарына белсенді қатысуға дайын екенін жеткізді.

Жиынды ашқан Мәжіліс Спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов жаңа Конституция мәтіні қоғаммен бірлесіп әзірленгенін айтты. Оның сөзінше, бұл құжат Мемлекет басшысының Әділетті Қазақстанды қалыптастыруға бағытталған ауқымды реформаларының заңды жалғасы саналады.

Жаңа Конституция жобасы ашық диалог нәтижесінде дүниеге келіп, қазақстандықтардың нақты сұранысы мен үміт-тілегін айқын көрсетеді. Осы себепті ол елдің орнықты дамуына берік негіз болар «Халық Конституциясы» ретінде бағаланып отыр. Партия жаңа Ата заңның әрбір бабын халыққа жан-жақты түсіндіруді өзінің тарихи міндеті санайды.

Жиында Конституция жобасына Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің, Ұлттық құрылтайдың, Қазақстан халқы Ассамблеясының алаңдарында өткен ашық талқылаулардың нәтижелері енгені айтылды. Құжаттың кіріспесінде соңғы жылдары қоғам үшін маңызды бола түскен Заң мен тәртіп, Адал азамат, Таза Қазақстан сияқты құндылықтар көрініс тапқан. Бұл ұстанымдар Конституцияның барлық нормасына өзек болып, мемлекеттің алдағы дамуына моральдық-құқықтық негіз қалыптастырады.

Ерлан Қошанов болашақта құрылатын бір палаталы Парламенттің рөліне де тоқталды. Конституция жобасына сәйкес, жаңа заң шығарушы органның өкілеттігі күшейіп, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдік жүйесі түбегейлі жаңғырады. Құрылтайды партиялық тізім арқылы қалыптастыру қоғамдағы түрлі әлеуметтік топтардың мүддесін кеңінен білдіруге мүмкіндік береді.

Жаңартылған саяси модель «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатын түпкілікті бекітуді көздейді. Сонымен қатар Мемлекет басшысының бастамасымен ұсынылған «Халық Кеңесін» құру идеясы да Конституция жобасында қамтылған. Заң шығару бастамасына қатыса алатын бұл жаңа институт этностар мен өңірлердің мүддесін ескеріп, салмақты мемлекеттік шешімдер қабылдауға жол ашады.

Жаңа Конституцияда мемлекетті жаңғыртудың негізі ретінде адами капиталды дамыту алғаш рет басты басымдық ретінде белгіленді. Мемлекеттің барлық ресурсы азаматтардың әлеуетін ашуға бағытталмақ. Бұл ұстаным енді ең жоғары конституциялық деңгейде бекітіледі.

Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев жаңа Конституция адамға бағдарланған мемлекет моделіне көшуге құқықтық негіз қалайтынын айтты. Құжатта дербес деректерді қорғау, процессуалдық мәжбүрлеу шаралары кезінде адам құқықтарын сақтау тетіктері нақты айқындалған. Сондай-ақ «Біртұтас Қазақстан халқы» ұғымы енгізіліп, қоғамды жаңа деңгейде біріктіру мақсаты көзделген.

Депутаттар Конституция жобасындағы бірқатар маңызды жаңашылдықтарға назар аударды. Пропорционалды сайлау жүйесі саяси жауапкершілікті арттырады, «Заң мен тәртіп» қағидаты тәрбиеден бастау алуы тиіс деген пікір айтылды. Адам құқығы мен бостандығы мемлекеттің басты құндылығы ретінде Негізгі заң деңгейінде бекітілмек. Ғылым, білім және инновацияны дамыту адами капиталды елдің негізгі байлығы ретінде танудың нақты көрінісі болмақ.

Сонымен қатар Парламенттің келісімімен тағайындалатын вице-президент институтын енгізу билік жүйесінің тұрақтылығы мен сабақтастығын қамтамасыз ететін жаңа саяси архитектура ретінде бағаланды.

Жиын қорытындысында «AMANAT» партиясы фракциясының барлық депутаты алдағы конституциялық реформалардың маңызын жоғары бағалап, жаңа Конституция жобасына бірауыздан қолдау білдірді.