Алматыда ұрланған смартфондарды өткізумен айналысқан жасырын арна әшкереленді

Автор: Мөлдір Қазыбай

Күдіктіден ондаған телефон мен планшет тәркіленді, тергеу басталды

Фото: freepik.com

Алматыда ұрланған ұялы телефондарды сатып алып, сақтаумен айналысқан азамат ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, күдіктіні анықтауға қаладағы мекемелердің бірінде жасалған телефон ұрлығын тергеу түрткі болған. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында ер адамның ұрланған техниканы жүйелі түрде қабылдап отырғаны белгілі болды.

Тексеру кезінде күдіктінің қолынан ұрланған смартфон, әртүрлі маркадағы 30-ға жуық ұялы телефон және екі планшет тәркіленген. Барлық құрылғылар айғақ ретінде алынып, олардың заңды иелерін анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталып, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сонымен қатар оның өзге де қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде.