Прокуратура тексерісі заңсыз есептелген 8,1 млн теңгені анықтады
Степногорск қаласында жылу энергиясы үшін заңсыз есептелген төлемдер әшкереленіп, нәтижесінде 8 мыңнан астам тұрғынның құқығы қорғалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қалалық прокуратура жүргізген тексеру барысында 41 көппәтерлі тұрғын үйде жылу үшін төлем нақты есепке алу құралдарының көрсеткіштерімен емес, белгіленген нормативтер бойынша есептелгені белгілі болды. Бұл жағдай тұрғындар үшін төлем сомасының негізсіз өсуіне әкелген.
Тексеру қорытындысы жылумен жабдықтаушы ұйымның заң талаптарын сақтамағанын, сондай-ақ жергілікті атқарушы органның жылыту маусымына дайындықты бақылауда салғырттық танытқанын көрсетті. Мемлекеттік бақылау тиісті деңгейде жүзеге асырылмаған.
Прокурорлық қадағалау актісінің негізінде қаладағы 8 мыңнан астам тұрғынға жылу энергиясы үшін төлем қайта есептеліп, жалпы сомасы 8,1 млн теңгені құрады.
Анықталған заң бұзушылықтар үшін Степногорск қаласының әкімі тәртіптік жауапкершілікке тартылды.