Конституцияға енетін өзгерістер айтылды
Конституциялық сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов Қазақстанның жаңа конституциясының мәтінін таныстыру барысында адам құқығына қатысты өзгерістерді оқып шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Негізгі құқықтар, бостандықтар мен міндеттер деген 2-бөлімнің ережелерін тұжырымдауда халықаралық жалпы танылған актілерінің талаптары барынша ескерілді. Олардың қатарында адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясы, Қазақстан қосылған халықаралық пактілер мен басқа да құжаттар бар. Осылайша адам мен азаматтың жеке, әлеуметтік, экономикалық және саяси құқықтарының мазмұндары толықтырылып, жаңа бір қырлары ашылды. Оларды жүзеге асыру мен қорғаудың кепілдері елеулі күшейтілді.
Біз бұқаралық талқылауда адамның өмір сүру құқығының абсолюттілігі, оның жеке басына тиіспеу, миранда ережелері, цифрлық дәуірде дербес деректерді қорғау туралы нормалар қолдау тауып жатқанын көріп отырмыз», – дейді Конституциялық сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов.
Ол өз сөзінде Қазақстан Республикасының азаматында қос немесе көп азаматтықтың болуына жол берілмейтіні анық жазылғанын, өзге ел азаматтығының болуы Қазақстан Республикасының азаматтығын тоқтатуға негіз болатынын айрықша атап өтті.
«Комиссияның алғашқы отырыстарында әркімнің, жеке басының бостандығы құқығын қылмыстық іс жүргізу барысында қорғау кепілдерін нығайту қажеттігі туралы айтылған болатын. Бұл бағытта кейбір айрықша жағдайларды қоспағанда адамды соттың шешімінсіз ұстау мерзімін 72 сағаттан 48 сағатқа қысқарту ұсынылған. Алайда кейінгі отырыстарда бұл мәселе қызу талқыланып, нақты мерзімдер заң деңгейінде белгіленсе деген пікірлер айтылды. Олар жоғарыда ескерілді.
18-бапта сот шешімінсіз адамды заңда көзделген мерзімнен артық ұстауға болмайды деп беріліп отыр. Адамды күзетпен ұстауға тек сот шешімімен жол беріледі. Ол тұлғаның шағым жасау құқығы қарастырылды. Сөз еркіндігіне, ғылым, техникалық, көркем шығармашылық еркіндігіне зияткерлік меншік ұғымына қатысты ережелер толығымен қолданылды.
Банк операцияларының, жеке салымдар мен жинақтардың, жазысқан хаттардың, телефон арқылы сөйлескен сөздердің және байланыс құралдарындағы өзге де хабарламалардың құпиясы заңмен қорғалатыны ерекше көрсетілді. Бұл цифрлық технологияны қолдану арқылы берілетін хабарламаларға да қатысты», – дейді Конституциялық сот төрағасының орынбасары.