Су тасқыны кезінде 50 мың ерікті табанды жұмыс істеді - Тоқаев

Автор: Бақыт Шынар

Бүгін Астанада Волонтерлер форумы өтіп жатыр

Фото: Ақорда

Бүгін Астанадағы Волонтерлер форумында президент Қасым-Жомарт Тоқаев су тасқыны кезінде Қазақстанда неше волонтер халыққа көмектескенін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Алапат тасқын кезінде еріктілер құтқарушылармен бірге ортақ іске атсалысты. Апат күндері 50 мың волонтер табанды жұмыс істеді. Жалпы, мұндай мысалдар аз емес, көп», - деді Тоқаев.

Мемлекет басшысы форумда айтылған ұсыныстарды қолдайтынын және олардың ең пайдалысын жүзеге асыру бойынша тапсырма беретінін жеткізді.

«Нағыз волонтер тұтас қоғамның игілігін ойлайтын, еліміздің мұрат-мүддесін биікке қоятын саналы азамат екені сөзсіз. Осы орайда, бүгін мен барша еріктілерге шынайы алғысымды айтамын. Сіздер барлық игі істің басы-қасында, халқымыздың арасында жүрсіздер! Еліміздің дамуына елеулі үлес қосып келесіздер. Жаңа ғана бірнеше азамат сөз сөйледі, салмақты ойларын ортаға салды. Ұтымды ұсыныстарын жеткізді. Олардың көбін мен қолдаймын, ең пайдалы ұсыныстарыңызды жүзеге асыруға тапсырма беремін», - деді Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев сын сағаттарда волонтерлер кез келген шаруаға зор жауапкершілікпен қарап, белсенді жұмыс істегенін айтты.

«Пандемия кезінде еріктілердің ерлігіне бүкіл ел куә болды. Күрделі кезеңде мыңдаған волонтер алдыңғы шепте еңбек етті. Олар дәрігерлерге, тәртіп сақшыларына, мұғалімдерге, мұқтаж жандарға көмектесті», - деді Тоқаев.