Тұман тұншықтырған қала: Өскеменде экологиялық ахуал ушықты

Автор: Мөлдір Қазыбай

Қалада қолайсыз метеожағдай қалыптасып, ауаның ластануы күшейген

Фото: istockphoto.com

Өскемен қаласының атмосфералық ауасында адам денсаулығына қауіпті екі зиянды заттың мөлшері рұқсат етілген шектен асып кеткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

29 қаңтар күні «Қазгидромет» Шығыс Қазақстан облыстық филиалы қала аумағында ауа сапасына кезекті мониторинг жүргізген. Зерттеу нәтижесі көңіл көншітпейді: көміртегі тотығының шоғырлануы шекті нормадан екі еседен астам артса, күкіртсутек деңгейі де белгіленген межеден айтарлықтай жоғарылаған.

Мамандардың мәліметінше, бұл күні Өскеменде қолайсыз метеорологиялық жағдай қалыптасқан. Желдің болмауы мен ауа алмасуының төмендеуі салдарынан зиянды қалдықтар атмосферада жиналып, ластану деңгейін күшейткен. Мұндай жағдайда өндірістік және тұрмыстық шығарындылардың әсері айқын сезіледі.

Экологтар мен синоптиктер тұрғындарды сақтық шараларын күшейтуге шақырып, мүмкіндігінше ашық ауада ұзақ болмауға және денсаулыққа мұқият қарауға кеңес береді.