Құрылтайға да, Халық кеңесіне де заң шығару бастамасы беріледі - Ізмұхамбетов

Автор: Аягөз Құрмаш

Ол екі институт та заң шығаруға қатысады дейді 

Фото: видеодан скриншот

Парламенті Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Бақтықожа Ізмұхамбетов Конституциялық комиссияның отырысында Құрылтай мен Халық кеңесінің жұмысына қатысты Конституцияға қандай өзгерістер енетінін айтты, деп жазады Azattyq Rýhy.

Депутат атағандай, Конституцияның преамблуасын жаңарту құжатты өміршең етеді.

«Преамблуа мәтінінде болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілік пен оның мүддесі жайлы арнайы норма қарастырылған. Бұл келер ұрпақтың қуаныш-қызығына, арман-мақсатына тікелей байланысты. Өскелең ұрпақ алдында әрбір азаматтың, қоғам мен мемлекеттің атқарып кетуі тиіс өз жауапкершілігі бар. Ертеңге қалған жүк ұрпаққа ауыртпалық әкелетіні белгілі. Мемлекет дамудың ұзақмерзімді кешенді жоспарын әзірлегенде осы құндылықтардың барлығын қамтуы тиіс», - деді депутат.

Оның айтуынша, болашақ алдындағы жауапкершілік мемлекеттік саясаттың негізгі қағидаларының бірі.

«Бұл қағидат экологиялық саясатты қалыптастыруда, ұлттық байлықты сақтауда, табиғи ресурстарды тиімді пайдалануда басты бағдар болуы қажет. Бұл ұстаным мемлекеттік басқарудың көз алдындағы мүдделерін емес, орның орнықты дамуын қамтамасыз етеді. Бұл норманы бекіту жай декларативті ұстану емес, мемлекеттің нақты стратегиялық бағытын анықтайтын қағида болуы тиіс», - деді Бақтықожа Ізмұхамбетов.

Депутат атағандай, Ата заңымызға Халық кеңесін жоғары консультативтік орган ретінде енгізу ұсынылып отыр.

«Құрылтай мен Халық кеңесінің жұмысы мазмұндық жақтан үндесіп, бір-бірін толықтырып отырады. Осылайша, «халық үніне құлақ асатын» қағидасын жүзеге асыра аламыз. Осы орайда, Құрылтай мен Халық кеңесіне қатысты нормаларды бекіту және екі органға да заң шығару бастамасы құқығын беру уақыт талабынан туындаған, жан-жақты сараланған байлам», - деді Ізмұхамбетов.

Оның айтуынша, Құрылтай мен Халық кеңесі шын мәнінде халық пен мемлекет арасындағы байланысты күшейте түседі.