СҚО-да жағдайы күрт нашарлаған ер адамды полицейлер құтқарып қалды
Ол Кішкенекөлден Көкшетауға қарай қайтып келе жатқаны белгілі болды
Солтүстік Қазақстан облысында «Көкшетау – Омбы» автожолында Талшық пен Дәуіт ауылдарының арасында полиция қызметкерлері жағдайы күрт нашарлаған адамның өмірін аман алып қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Шамамен сағат 18:10-да патрульдік полиция экипажына «Газель» автокөлігінің жүргізушісі жүгінді. Ер адамның оң қолы қанға боялған еді, ол шұғыл көмек сұрады. Жағдай бірден түсінікті болмағанымен, полицейлер уақыттың әр секунды маңызды екенін аңғарды.
Белгілі болғандай, жүксіз «Газель» Кішкенекөлден Көкшетауға қарай қайтып келе жатқан. Талшық ауылынан кейін жолаушының жағдайы күрт нашарлаған. Жүргізушінің айтуынша, инсульт немесе эпилепсия белгілері байқалған, ер адам тыныс ала алмай қалған. Көмек көрсетуге тырысқан сәтте жолаушы ұстама кезінде жүргізушінің қолын тістеп, жарақаттаған. Осыдан кейін ол патрульдік полиция қызметкерлерін тоқтатқан.
СҚО ПД патрульдік полиция батальонының аға инспекторы, полиция капитаны Ратбек Кисамиденов және ППБ инспекторы, полиция аға лейтенанты Ілияс Қайыргелді зардап шеккен азаматты қызметтік автокөлікке отырғызып, Талшық ауылындағы орталық аудандық ауруханаға жеткізді. Жол бойында алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, ауруханамен байланыс орнатылды. Ер адамды сыртта күтіп тұрған медицина қызметкерлеріне аман-есен тапсырды.
СҚО ПД бастығының орынбасары, полиция полковнигі Марат Жұмалиевтің айтуынша, патрульдік полиция қызметкерлері мен учаскелік инспекторлар күн сайын жолда адамдарға көмек көрсетіп, аяз бен қолайсыз ауа райында талай жанды құтқарып келеді. Өкінішке қарай, полиция қызметінің жоғары қарқыны мен қызметкерлердің қарапайымдылығына байланысты мұндай оқиғалардың басым бөлігі көпшілікке жетпей қалады.