Марқұмның туыстары ағза мүшелерін трансплантациялауға келісім берді
Павлодар облысында көз жұмған әйелдің донорлық шешімі бірнеше адамның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. Марқұмның жақындары оның ағза мүшелерін трансплантациялауға саналы түрде келісім берген.
Павлодар облысы бойынша трансплантология жөніндегі өңірлік үйлестіруші Дмитрий Потеребухтің мәліметінше, 1986 жылы туған әйел 22 қаңтар күні ауруханаға ауыр жағдайда жеткізілген. Дәрігерлер жүргізген кешенді клиникалық және аспаптық тексерулерден кейін 26 қаңтарда оған ми өлімі диагнозы қойылған. Бұл шешім жансақтау бөлімінің меңгерушісі, неврологтар мен медициналық ұйым басшылығы қатысқан консилиумда расталды.
Ми өлімі ресми түрде анықталған соң, марқұмның жақындарымен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, олар донорлыққа саналы түрде келісім берген. Осыдан кейін донордан алынған ағза мүшелері трансплантация жасау үшін жедел түрде Астана қаласына жеткізілді.
Медицина мамандарының айтуынша, ми өлімі тіркелген сәттен бастап ағзалардың өміршеңдігі шектеулі уақытпен өлшенеді. Бауыр мен бүйрек арнайы биоконтейнерлерде бірнеше сағат қана сақталады, ал жүрек арнайы аппарат арқылы тасымалданып, ағзадан тыс жағдайда да қан айналымын қамтамасыз ете алады. Сондықтан барлық медициналық әрі ұйымдастыру шаралары жедел жүргізіледі.
Ағзаларды алу алдындағы кезеңде қосымша зерттеулер жасалып, реципиенттермен тіндік сәйкестік анықталады. Бұл жоғары дәлдікті, үйлесімді әрі жауапты жұмысты талап ететін күрделі үдеріс.