Ким Кон Хи қымбат сыйлықтар мен саяси заңбұзушылықтар ісі бойынша түрмеге қамалды
Оңтүстік Кореяның бұрынғы бірінші ханымы Ким Кон Хи ірі сыбайлас жемқорлық және ықпалын асыра пайдалану ісі бойынша сот үкімімен бір жыл сегіз айға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Сеулдің орталық аудандық соты Ким Кон Хиді іскерлік мүдделерге байланысты шіркеу бірлестігінен қымбат сыйлықтар алғаны үшін кінәлі деп тапты. Тергеу дерегінше, 2022 жылдың шілдесінде ол Біріккен шіркеу өкілінен Chanel брендінің сөмкесі мен Graff әшекей үйінің бағалы алқасын қабылдаған. Аталған сыйлықтар бизнеске қатысты қолдау сұраумен қатар ұсынылғаны сотта дәлелденді.
Сот шешімінде бұрынғы бірінші ханым өз мәртебесін жеке пайдасына пайдаланғаны, ұсынылған қымбат сыйлықтардан бас тартпағаны атап өтілді. Ал Ким Кон Хи өз кезегінде нақты өтініш болмағанын алға тартып, Chanel сөмкесін пара ретінде алғанын жоққа шығарған.
Бұдан бөлек, ол 2010–2012 жылдар аралығында BMW көліктерінің Оңтүстік Кореядағы ресми дилері болған Deutsch Motors компаниясының бұрынғы басшысымен және оның серіктесімен акция бағасын қолдан көтеру арқылы заңсыз табыс табу үшін сөз байласқан деген күдікке ілінді. Алайда сот бұл эпизодтар бойынша айыпты дәлелденбеді деп таныды.
Іс материалдарында Ким Кон Хидің 2022 жылғы президент сайлауы қарсаңында күйеуімен бірге өзін ықпалды саяси тұлға ретінде таныстырған адамнан тегін сауалнамалар алғаны да көрсетілген. Бұл әрекет Саяси қорлар туралы заңды бұзу ретінде бағаланды.
Сондай-ақ, бұрынғы бірінші ханым шіркеу бірлестігімен алдын ала келісіп, сыйлық алу және бизнеске қатысты көмек сұрау әрекеттеріне барған деген айып тағылды. Yonhap агенттігінің мәліметінше, тамыз айынан бері қамауда отырған Ким Кон Хи тағылған айыптардың барлығын мойындамаған.
Арнайы прокурорлар тобы экс-президент Юн Сок Ёльдің жұбайына 15 жыл түрме жазасын сұраған еді. Алайда сот бұл талапты ішінара ғана қанағаттандырып, кейбір ауыр айыптар бойынша ақтау үкімін шығарды.
Ким Кон Хидің қорғаушылары тағайындалған жаза тым қатаң деп санап, үкімге қатысты апелляциялық шағым түсіру мүмкіндігін қарастырып жатқанын мәлімдеді.