«Антифрод» жүйесіне 6 қазақстандық банк картасы және 4500 шетелдік карта-шот бұғаттауға енгізілді
Павлодар облысында жыл басынан бері 20-дан астам есірткі қылмысы анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Нашақорлыққа қарсы күрес үш негізгі бағытта жүргізілуде: есірткінің заңсыз айналымы мен қолжетімділігін қысқарту, қоғамда тыйым салынған заттарды заңсыз тұтынуға және олардың заңсыз айналымына қатысуға саналы түрде теріс көзқарас қалыптастыру. Жүргізілген іс-шаралардың нәтижесінде жыл басынан бері өңірде 21 есірткі қылмысы тіркелді, оның ішінде 13-і – есірткі сату дерегі, 1-еуі – аса ірі мөлшерде сақтау фактісі. Сондай-ақ халықты есірткінің заңсыз айналымы мен оны тұтынуға тартатын есірткілік контентті анықтау және бұғаттау бойынша кешенді шаралар жүргізілді», – деп хабарлады Павлодар облысы ПД бастығының бірінші орынбасары Болат Нұрсейітов.
Ведомство мәліметінше, тыйым салынған ақпарат тарататын сайттарға қолжетімділікті уақытылы шектеу ерекше маңызға ие. Өңірдің есірткіге қарсы күрес бөлімшелері қаңтар айында «Киберқадағалау» ақпараттық жүйесінде есірткі дүкендерінің заңсыз жарнамалаумен айналысқан 125 аккаунтты бұғаттады. «Антифрод» жүйесіне 6 қазақстандық банк картасы және 4500 шетелдік карта-шот бұғаттауға енгізілді, деанонимизациялау үшін 22 сұрау жолданды.
Тыйым салынған есірткі құралдары мен психотроптық заттарды тәркілеумен қатар, жуырда заңсыз айналымнан алынған 44 килограмм есірткі заттарын жою бойынша кезекті іс-шара өткізілді.