$ 503.9  603.32  6.61
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Кооперациясыз ауыл шаруашылығы дамымайды»: депутат үкіметке сауал жолдады

Кооперация тек құжат жүзіндегі бірлестік емес дейді ол 

«Кооперациясыз ауыл шаруашылығы дамымайды»: депутат үкіметке сауал жолдады
Фото: «AMANAT» партиясының баспасөз қызметі

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Ерболат Сатыбалды ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровқа депутаттық сауал жолдап, ауыл шаруашылығындағы кооперацияның қазіргі жағдайына алаңдаушылық білдірді, деп жазады Azattyq Rýhy.

Депутаттың айтуынша, «AMANAT» партиясының бастамасымен іске асып жатқан «Ауыл аманаты» бағдарламасы халық арасында кең қолдау тапқанымен, оның негізгі мақсаты толық жүзеге аспай отыр.

«Бағдарламаның түпкі мақсаты – ауылдарда кооперация құру арқылы ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігін арттыру. Алайда бұл бағытта жүйелі жұмыс әлі де жеткіліксіз», – деді Ерболат Сатыбалды.

Депутат кооперацияны бір реттік жоба ретінде қарастыруға болмайтынын атап өтті. Оның айтуынша, бұл күнделікті ұйымдастырушылық жұмысты, білікті кадрларды, инфрақұрылымды және құқықтық сүйемелдеуді талап ететін күрделі процесс.

«Кооперация тек құжат жүзіндегі бірлестік емес. Ол тұрақты басқаруды, мамандарды және мемлекеттік қолдауды қажет етеді», – деді ол.

Сауалда еліміздегі ірі ет өндірушілердің басым бөлігі – ауылдағы жеке қосалқы шаруашылықтар мен шағын шаруа қожалықтары екені айтылды. Қолда бар деректерге сәйкес, мал басының 70–85 пайызы осы санаттағы шаруашылықтарға тиесілі.

Соған қарамастан, депутат ауыл халқының мал шаруашылығымен айналысуға деген ынтасы төмендеп бара жатқанын жеткізді.

«Қазіргі таңда ауылдағы қарапайым халық мал ұстауға мүдделі емес. Бұл – дабыл қағатын жағдай», – деді Ерболат Сатыбалды.

Депутат мал шаруашылығының тоқырауына алып келген бірнеше негізгі факторды атап өтті. Оның айтуынша:

  • жем-шөп бағасы шарықтап кеткен;
  • ауылдықтар несие мен субсидияға қол жеткізе алмай отыр;
  • өнім өткізетін тиімді нарық жоқ;
  • сатып алу жүйесі алыпсатарлардың қолында, бағаны солар белгілейді.

«Бұл жағдай ауылдағы еңбектің құнын түсіріп, қала мен ауыл арасындағы табыс алшақтығын одан әрі ұлғайтып отыр», – деді депутат.

Ерболат Сатыбалдының айтуынша, әсіресе шағын шаруашылықтар үшін кооперация құру кезек күттірмейтін мәселе.

«Егер кооперация жүйелі түрде дамыса, әр ауылда ортақ техника, жем-шөп базасы, мал сою және сақтау пункттері, сондай-ақ өнімді нарыққа жеткізудің толық тізбегі қалыптасар еді», – деді ол.

Депутат мұндай жүйе ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігін арттырып, ауыл тұрғындарының табысын тұрақты ететінін атап өтті.

Сауалда 2017 жылы Үкімет ауыл шаруашылығын кооперациялау бағдарламасын іске қосып, 1200 кооператив құруды жоспарлағаны еске салынды.

Кейбір өңірлерде пилоттық жобалар сәтті жүзеге асып, шаруалар малдарын бордақылау алаңдарына өткізу арқылы табыс тапқан. Алайда субсидиялардың тоқтауына байланысты бұл кооперативтердің жұмысы да тоқтап қалған.

«Сол кезде мемлекеттік қолдау үзілген соң, кооперативтер де тарқап кетті. Бұл – жүйесіз саясаттың салдары», – деді депутат.

Осыған байланысты «AMANAT» партиясы фракциясы үкімет келесі қадамдарды жасауы қажет деп санайды:

  • Біріншіден, кооперацияны дамытуға арналған пилоттық жобаларды барлық облыстарда іске қосып, оларды тұрақты бақылауға алу керек. Бұл бір реттік шара болмауы тиіс.
  • Екіншіден, бордақылау және өнім өткізу бағытындағы кооперативтерге тұрақты субсидия мен жеңілдетілген қаржыландыру тетіктерін бекіту қажет. Жыл сайынғы қысқартулар шаруалардың сенімін жояды.
  • Үшіншіден, Ауыл шаруашылығы министрлігі жанынан кооперацияны дамыту, оқыту және кеңес беру орталығын құру керек. Бұл орталық шаруаларға нақты көмек көрсететін маманданған құрылым болуы тиіс.

Сөз соңында Ерболат Сатыбалды ауыл шаруашылығындағы кооперация мәселесін Үкімет деңгейінде кешенді түрде шешу қажет екенін атап өтті.

«Ауылдағы кооперация – елдің азық-түлік қауіпсіздігі мен ауыл халқының табысына тікелей әсер ететін мәселе. Оны кейінге қалдыруға болмайды», – деді ол.