Қымбат курс, психологиялық қысым, мәжбүрлеу: депутат күмәнді тренингтер туралы мәселе көтерді
Кейбір оқу орталықтары өз қызметін интернет платформалар арқылы белсенді жарнамалайды
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Амантай Жарқынбек азаматтардың санасын улайтын күмәнді тренингтік курстардың көбейгенін айтып, Үкіметке депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайда мемлекет басшысы қоғам санасын улайтын жат құндылықтарға қарсы арнайы бағдарламалар әзірлеуді тапсырған болатын. Соған қарамастан, бүгінде пайдасынан зияны басым түрлі тренингтік курстар азаматтарға рухани, психологиялық және қаржылық залал келтіріп отыр. Бұл мәселені әріптесім Айдос Әміроллаұлы да көтерген еді. Алайда оның өзектілігі әлі де жойылған жоқ», – деді депутат.
Амантай Жарқынбектің айтуынша, кейбір оқу орталықтары өз қызметін интернет платформалар арқылы белсенді жарнамалап, азаматтарды қымбат курстарға тартуда. Мәселен, vybor.kz платформасында насихатталатын MINDFULNESS оқу орталығы үш сатылы тренинг ұсынады: жалпы курс – 50 мың теңге, трансформациялық курс – 95 мың теңге, көшбасшылықты дамыту курсы – 150 мың теңге. Ал онлайн форматтағы «эмоционалдық еркіндік» курсының құны 200 мың теңгеге жетеді.
Сонымен қатар «креативті ойлауды», «тиімді коммуникацияны», «шешен сөйлеуді» тегін үйретеміз деп уәде беретін шетелдік «Вектор», «Лидер-мотиватор» секілді орталықтардың да саны артып келеді. Алайда олардың жұмыс тәсілі ұқсас.
«Тренинг барысында қатысушылардың телефондарын жинап алып, психологиялық және моральдық қысым көрсету арқылы адамның жеке кеңістігіне қол сұғады. Алғашқы кезеңде адамды көпшілік алдында жеке проблемасын ашық айтуға мәжбүрлейді. Кейбір жағдайда қорлау мен ар-намысқа тиетін әрекеттерге итермелейді. Екінші кезеңде қатысушыларға әлеуметтік рөлін өзгерту, қоғамдық орындарда әдепке сыймайтын әрекеттер жасау сияқты тапсырмалар жүктеледі. Бұл – адам санасын тәжірибе алаңына айналдыру», – деді ол.
Депутаттың сөзінше, курс аяқталғаннан кейін де қысым тоқтамайды. Қатысушыдан міндетті түрде бірнеше адамды курсқа тарту талап етіліп, орындамаған жағдайда қорқыту, психологиялық қысым көрсету және жеке мәліметтерін жариялаймыз деп үркіту әрекеттері орын алады.
«Қарапайым азаматтарды рухани күйретіп, психологиялық тұрғыда әлсіретіп, қаржылай тонауға жол беруге болмайды. Мұндай құрылымдарды тренинг емес, деструктивті секта ретінде қарастырып, қатаң шара қолдану қажет», – деді депутат.
Осыған байланысты депутат уәкілетті органдарға мынадай шараларды қабылдауды ұсынды:
- аталған курстардың бағдарламалық мазмұнына, қолданылатын әдістемелеріне және заңнамаға сәйкестігіне ресми тексеру жүргізу;
- азаматтарды қорлау, психологиялық қысым көрсету, мәжбүрлеу және манипуляция белгілері бар әрекеттерге құқықтық баға беріп, анықталған фактілер бойынша нақты шаралар қабылдау;
- осындай тренингтік бағдарламаларды лицензиялау, сертификаттау және мемлекеттік реттеу тетігін енгізу мүмкіндігін қарастыру.