Салық органдарының әрекеті адал кәсіпкерлердің қызметін тұралатып отыр – депутат

Автор: Аягөз Құрмаш

Ол салық органдарының тәжірибесін өзгертуге шақырды

Фото: istockphoto.com

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Нұржан Байтилесов Қазақстанда салық органдарының талап-арыздары негізінде заңды тұлғалардың тіркеуін жарамсыз деп танудың жүйелі тәжірибесі қалыптасқанын, бұл адал кәсіпкерлердің қызметін тұралатып отырғанын айтты, деп жазады Azattyq Rýhy.

«Салық органдары Азаматтық кодекстің 49-бабын жаппай қолдана отырып, компания директорларының немесе құрылтайшыларының өз қызметіне «қатысы жоқтығы» туралы өтініштерін қоса тіркейді. Соттар, әдетте, мұндай талаптарды қанағаттандырады, содан кейін тіркеуші органдар компанияларды мемлекеттік тізілімнен жай ғана алып тастайды. Салық органдарының одан арғы әрекеттері компаниялардың қызметін іс жүзінде толық параличке ұшыратады: контрагенттерге корпоративтік табыс салығы (КТС) мен қосылған құн салығы (ҚҚС) бойынша шегерімдерді жою туралы хабарламалар жолданады, есеп айырысулар бұғатталады, атқарушылық өндірістер тоқтатылады. Компаниялар азаматтық айналымнан жүздеген миллион, ал кейде миллиардтаған теңгеге жасалған мәмілелерімен бірге жоғалып кетеді», - дейді Байтілесов.

Депутат атағандай, мемлекеттік кірістер комитетінің жауабына сәйкес, 2020 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін соттар заңды тұлғалардың тіркеуін жарамсыз деп тану туралы 6,8 мың талап-арызды қанағаттандырған, жалпы сомасы 1,6 трлн теңгеге 74,9 мың хабарлама жолданған, ал нақты өндірілгені небәрі 3,1%.

«Қалған 97% хабарлама бизнестің қызметін тұралатып отыр. Осыдан сұрақ туындайды бұл мәмілелер жалған ба, әлде хабарламалар операциялардың экономикалық мәні талданбай шығарылған ба?Тіркеуі жарамсыз деп танылған компаниялар 10 млрд теңге көлемінде салық төлеген. Бұл қаражаттарға қатысты қандай тәртіп қолданылады? Олар қайтарыла ма? Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, заңды тұлғаның тіркеуін жарамсыз деп тану мәмілелерді автоматты түрде құнсыздандыруға және қосымша салық есептеуге негіз болмауы тиіс. Германияда және басқа елдерде міндеттемелерді аяқтау үшін компанияны қалпына келтіру мүмкіндігі бар жедел таратылу тетігі қарастырылған», - дейді Байтілесов.

Депутат осыған байланысты қолданыстағы заңнама аясында ведомстволық деңгейде және оны практикалық қолдану бөлігінде түзетулер енгізуді сұрады.

«Атап айтқанда, заңды тұлғаның тіркеуі жарамсыз деп танылғаны үшін ғана, мәмілелердің шынайылығы мен экономикалық негізділігі бағаланбай, салықтық хабарламалар жіберу мен шегерімдерді жоюды алып тастауды ұсынамын», - деді ол.