$ 502.27  597.15  6.57
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Петропавлда бір аптада 330 адам жарақат алды: үсік шалу мен сүйек сынығы көбейген

Қатты аязда көшеде жарақат алғандар мен үсік шалғандар саны артты

Петропавлда бір аптада 330 адам жарақат алды: үсік шалу мен сүйек сынығы көбейген
Фото: istockphoto.com

Петропавлда соңғы бір апта ішінде 330 адам түрлі жарақатпен дәрігер көмегіне жүгінген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қалалық көпбейінді жедел медициналық көмек ауруханасының мәліметінше, жарақат алғандардың 164-і тұрмыста, 139-ы көшеде зардап шеккен. Қалған жағдайлар өзге себептермен байланысты. Дәрігерлер 30 науқасты бірден стационарға жатқызуға мәжбүр болды.

Медициналық статистикаға сүйенсек, 95 жағдайда тұрғындар қол-аяғын сындырған. 112 адам ауыр соққы алып, әртүрлі зақымданумен түскен. Сонымен қатар 58 тұрғын сіңірін созып алған, ал 5 адам күйік жарақатымен медициналық көмекке жүгінген.

Суықтың салдары да сезілуде. 19–26 қаңтар аралығында Петропавлда 9 адам үсік шалу диагнозымен тіркелген. Оның төртеуі ауруханаға жатқызылып, ем қабылдап жатыр. Мамандардың айтуынша, үсікке шалдығудың негізгі себептерінің бірі – спирттік ішімдікті шамадан тыс тұтыну.

Осыған ұқсас оқиға Мамлют ауданында да тіркелді. Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаментінің хабарлауынша, отыз градус аязда ауыл тұрғындарының бірі далада үсіп қала жаздаған. Мамлют аудандық полиция бөлімінің кезекшісі оны бейнебақылау камералары арқылы Жұмысшы кенті маңынан байқап, дереу учаскелік полиция инспекторының көмекшісіне хабар берген. Нәтижесінде полиция мен жедел жәрдем қызметкерлері ер адамды қар құрсауынан аман-есен алып шықты. 39 жастағы азаматтың спирттік ішімдікке әуестігі бар екені анықталды. Қазіргі уақытта ол медициналық мекемеде ем қабылдап жатыр, жағдайы тұрақты.