Маңғыстауда сарбазды атып өлтірген Дамир Досовқа қатысты үкім өзгеріссіз қалды

Автор: Аягөз Құрмаш

Ол 13 жылға сотталған еді

Фото: istockphoto.com

Кассациялық сот Маңғыстау облысында сарбаз Марат Барқұловты атып өлтірді деп айыпталған әскери қызметші Дамир Досовқа қатысты үкімді өзгеріссіз қалдырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Кассациялық сот Марат Барқұловтың өліміне қатысты шешімді шығарды. Сот үкімді өзгеріссіз қалдырды», - деп жазды адвокат Азамат Сағал.

Дамир Досов Қылмыстық кодекстің 99-бабының 1-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 13 жылға сотталған еді. Сондай-ақ «лейтенант» шенінен айырылып, моральдық шығын ретінде 20 млн теңге өндірілді.

Сотта ол Марат Барқұловтың әке-шешесінен кешірім сұраған еді. 

«Марқұм Мараттың ата-анасынан шын жүректен кешірім сұраймын. Қатты өкінемін. Мен ата-әжемнің тәрбиесінде болдым. Маратпен қарым-қатынасымыз жақсы болды. Телефон сұрағанда бердім, дүкенге сұранғанда бірге барып келдім. Анам жалғыз болған соң көмектесу үшін жұмысқа тұрдым. Біреуге зияным тиіп, біреуді өлтіремін деген ой қаперіме кіріп-шықпаған. Марат қайтыс болғаннан бері ол үшін дұға жасамаған күнім болмады», - дейді Дамир Досов.