Франция парламенті 15 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желіге кіруге тыйым салатын заң жобасын мақұлдады

Автор: Аягөз Құрмаш

Заң жобасы Сенатқа жолдаған

Фото: istockphoto.com

Франция парламентінің төменгі палатасы ұлттық жиналыс 15 жасқа толмаған жасөспірімдерге әлеуметтік желілерге қол жеткізуге тыйым салатын заң жобасын мақұлдады. Құжатты жеделдетілген тәртіпте қарау жөнінде президент Эмманюэль Макронның өзі өтініш жасаған. Билік заңды ақпан айында қабылдауды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

26 қаңтарда өткен дауыс беру барысында заң жобасын 116 депутат қолдап, 23-і қарсы шықты. Енді құжат Франция парламентінің жоғарғы палатасы Сенаттың қарауына жолданады.

Заң жобасында «әлеуметтік желілерге 15 жасқа дейінгі кәмелетке толмағандар үшін тыйым салынады» деп көрсетілген. Le Monde басылымының жазуынша, бұл тұжырым нақты міндеттемелерді тікелей әлеуметтік желілерге жүктемейді. Себебі әлеуметтік желілерді реттеу Еуропалық комиссияның құзыретіне жатады. Осыған байланысты заң мәтіні әдейі осылайша жазылған. Дегенмен Франция үкіметі бұл формулировканы қолдап отыр және заң жобасы онлайн-платформаларды жас мөлшерін тексеру жүйелерін енгізуге мәжбүрлейді деп үміттенеді.

Сонымен қатар, заң жобасының тағы бір бабында 2018 жылдан бері қолданыста болған колледждерде (11–15 жас аралығындағы оқушылар білім алатын орта мектептер) ұялы телефон пайдалануға тыйымды кеңейту көзделген. Енді бұл шектеуді жоғары сыныптарға да енгізу жоспарланып отыр.

Президент Эмманюэль Макронның өтініші бойынша үкімет заң жобасын жеделдетілген тәртіпте қарауға кірісті. Бұл рәсім әр палатада екі оқудың орнына бір ғана оқумен шектелуді көздейді.

Президенттің «Ренессанс» партиясынан Ұлттық жиналыстағы фракция жетекшісі, бұрынғы премьер-министр Габриэль Атталь Сенат заң жобасын ақпан айының ортасына дейін қабылдайды деген үмітін білдірді. Оның айтуынша, егер заң бір ай ішінде қабылданса, 1 қыркүйектен бастап 15 жасқа дейінгі балаларға жаңа аккаунт ашуға тыйым салынады. Ал 31 желтоқсанға дейін әлеуметтік желі платформалары жасөспірімдердің бұрыннан бар аккаунттарын жоюы тиіс.