Оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде жарияланды
Қаскелеңде әйелі мен енесін аяусыз ұрып-соққан ер адамды полиция қызметкерлері қамауға алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде жарияланып, оны облыстық Полиция департаменті ресми түрде растады.
Агенттік тілшісіне берген пікірінде аталған факті бойынша полиция қызметкерлері ауданның 31 жастағы тұрғынын ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамады.
«Белгілі болғандай, ер адам мен жұбайы арасында жанжал шығып, соның барысында әйеліне және оның анасына дене жарақаттары келтірілген, сондай-ақ мүлкін әдейі бүлдірген.
Оқиға бойынша Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша іс тіркелді. Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайын жан-жақты, толық әрі объективті анықтауға бағытталған барлық қажетті тергеу әрекеті жүргізіліп жатыр.
Тергеу қорытындысы бойынша күдіктінің әрекеттеріне қолданыстағы заңнамаға сәйкес қатаң құқықтық баға берілетін болады», – дейді Полиция департаменті агенттік тілшісіне берген пікірінде.
Айта кетейік, осыған дейін Алматы облысына қарасты Қаскелең қаласында адам шошырлық оқиға болғаны, ер адам әйелі мен енесі тұратын үйге келіп, екеуін де өлімші етіп сабап кеткені хабарланған болатын.