Қызылорда қаласында көп қабатты үйде өрт шығып, үшінші қабаттағы пәтер тұрғыны балконнан секіріп мерт болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат
Қызылорда облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының хабарлауынша, оқыс оқиға 31 қазанда сағат 16.05 шамасында Қызылорда қаласындағы «Шұғыла» мөлтек ауданындағы №40 үйде болған. Пәтерде тұрмыстық заттар өртеніп, жалын 20 шаршы метрді шарпыған. Өрт сөндіру қызметі сағат 16:31-де өртті толық сөндірді.
«Куәгерлердің айтуы бойынша, 3-қабаттағы үй иесі 46 жастағы ер адам өрттен қорғану үшін терезеден секіріп, алған жарақатынан оқиға орнында қайтыс болған. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізілуде», - деді Қызылорда облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.